Балалар және өтірік
Балаларымызды өтірікші етіп жетілдіруді қаламасақ, мына мәселелерге мән беруіміз керек:
Ата-ана өз балаларын өз қолдарымен өтірікшілікке үйретпеуі тиіс. Мысалы балаға «Пәлен кісі келсе мені үйде жоқ деп айт» деген ата-ана, өз қолымен баласын өтірікшілікке итермелеген және өтірік айтудың жаман нәрсе емес екенін көрсеткен болады.
Балалар көбінесе бұзықшылық жасағанда өтірік айтады. Айтқан әрбір сөзіне дереу сене салу да баланы өтірікшілікке дағдыландырады. Бала өтірік айтумен мәселенің жабылатынын, ата-ананың сол мәселе жайлы көп сұрамайтынын білсе, бұзықшылығын жалғастыра беретін болады, әрі сөздерінің арасына да көп өтіріктерді қосатын болады.
Баланы өтірік айтуға, жаман қылықтарға әуестендіретін тағы бір маңызды фактор – жаман дос. Жаман дос – баланың дөрекі, өтірікші, ұрлықшы және әдепсіз болуына себепші болады. Мұндай жаман мінездерге ұрынғандар ұзақ жылдар бойы бұл жаман мінезінен арыла алмайды.
Баланы кішкентай кезінен бастап намазға, адалдыққа дағдыландыру керек. Өскен кезде намаз оқуы қиын болуы мүмкін. Өзгенің мал-мүлкін тартып алуды, өтірік айтуды, харам нәрсе жеуді көз алдына жаман, жиіркенішті қылып түсіндіру керек. Осындай тәрбиемен өсіріп, балиғат жасына толғанда бұл әдептердің ерекшеліктерін, маңыздылықтарын үйрету керек.