Сұхбат - Көршілік
Дініміздегі ең маңызды тақырыптардың бірі – көрші ақылары. Аллаһу та’ала Құран кәрімде: «Жақын көршіге, ұзақ көршіге, жаныңдағы досқа, жолда қалғанға және қол астыңдағыларға жақсылық жасаңдар!» деп бұйырған. Көрші ақысына өте мұқият болу керек, қолымен де, тілімен де зиян келтірмеу және оларды қиын жағдайға түсірмеу – дініміздің әмір еткен өте маңызды міндеттерінің бірі. Мұсылман көршісімен әрдайым жақсы қарым-қатынаста болады, қиындығына сабыр етеді. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
• Көршісінің зұлымдығынан сенімді болмаған адам - кәміл мұсылман бола алмайды.
• Аллаһқа және ахиретке сенетін адам көршісін ренжітпесін!
• Қиямет күнінде бірінші болып шағымданатындар – көршілер.
• Аллаһты және Расулын жақсы көретін адам, Олардың да өзін жақсы көруін қалаған адам – көршісімен жақсы қарым-қатынаста болсын, аманатына қиянат жасамасын және жылы мәміледе болсын.
• Көршіге құрмет – анаға құрмет көрсету секілді қажет.
• Жаман көрші – жақсылықты жасырып, жамандықты жариялайды.
• Аллаһтың сүйген құлы – жаман көршінің қорлығына өлгенге дейін сабыр етеді.
• Салих көрші, ыңғайлы көлік, жақсы әрі кең баспана – адамның бақыты.
• Көршінің итіне жәбір көрсеткен кісі қөршісін ренжіткен болады.
• Жәбрейіл алейһиссалам көрші ақысы жөнінде көп айтқаны соншалық, көрші көршінің мирасынан үлес алар мекен деп ойладым.
• Көп намаз оқып, ораза тұтқан, садақа берген, бірақ тілімен көршілерін ренжіткен адамның барар жері - тозақ.
• Адамның мойнында кәпір көршінің бір ақысы, мұсылман көршінің екі ақысы, ал туысқан көршінің үш ақысы болады.