Untitled Document

Ғибрат - Мәжуси көрші

Ахмет Қуддусидің “рахметуллаһи алейһ” мәжуси (отқа табынатын) көршісі болатын. Хазреті Ахмет Қуддуси оған Исламды түсіндіру үшін қолайлы сәтті күтіп жүреді. Бір күні мәжусидің үйіне ұры түсіп тонап кетеді. Осыған байланысты хазрет жағдай сұрап көршісіне барады. Көршісі күлімдеген жүзбен, құрметпен қарсы алады. Жүзінде реніш белгілері де жоқ еді. Дереу дастархан жайып, тамақ ұсынады. Ахмет Қуддуси хазреттері рахмет айтып, «Кеше келеңсіз жағдай орын алғанын естіп, көрші тұрғасын хал сұрап келдім» дейді. Мәжуси:

– Иә, оныңыз рас, алайда бұл қасірет болып көрінгенімен негізінде мен үшін ниғмет,- дейді.
– Ниғмет дейсіз бе?
– Иә, мен әлде де үш нәрсеге шүкір етудемін: Біріншісі, біреу менің малымды ұрлады, бұған өзгенің малын мен ұрламағаныма шүкір етемін. Екіншісі, малым кетті, ал мен жаным кетпегеніне шүкір етемін. Үшіншісі, дүнием кетті, бірақ мен дінім қалғанына шүкір етемін,- дейді. Ахмет Қуддуси хазреттері іштей қуанады бұл сөздерге «Мұның сөздерінен иманның белгілері сезілуде» деп ойлайды. Оған қарап:

– Сен неге отқа табынасың?-деп сұрайды. Мәжуси:
– Ертең өлгеннен кейін тозақта мені жақпасын деп табынып жүрмін,-дейді.
– Сен қателесіп жүрсің, от – санасы жоқ жай ғана махлұқ. Ішіне тасталғандарды ажырататын қабілеті жоқ. Өзіне табынып жатқандарды да білмейді. Қаласаң сынап көрелік, сен қаншама жылдан бері оған табынып келесің. Ал мен отқа табынған емеспін. Қане екеуміз де қолымызды отқа салайық. Көрейік саған мейірім ете ме екен?-дейді. Мәжуси «жарайды» деп келіседі. Алдымен отқа хазреті Ахмет қолын салады. Біраз тұрып қайтып шығарады. Аллаһу та’аланың рұқсатымен қолы күймейді. Кезек мәжусиге келгенінде ол да сенімді түрде қолын отқа созады. Алайда қолын созуымен тартып шығаруы бір болды. Шын мәнінде отқа жақындай да алмады. Сол сәтте ақиқатты түсініп, жүзі хидаят нұрымен нұрлана бастады. Шаһадат кәлимасын айтып, мұсылман болды.