Сұхбат - Еңбек ету – ғибадат
Мұсылман адам өзі мен бала-шағасын асырау үшін жұмыс істеуі керек. Адал табыс табу, ешкімге мұқтаж болмау жиһад болып табылады. Бірқатар ғибадаттардан да сауабы артық. Лұқман Хаким баласына насихат айтқанда былай дейді: “Еңбектен, табыс тап! Жұмыс істемей, біреуге мұқтаж болған адамның діні мен ақылы кем болады. Жақсылық жасаудан құр қалады”.
Мұсылман дүниені жақсы көргендіктен емес, Аллаһу та’ала еңбектенуді бұйырғандықтан жұмыс істеп, табыс табады. Нәпсіқұмарлық үшін ақша табу және адал нәрсені харамнан айырмау, өзгенің ақысын жеу, оларға қарызын өтемеу дүниеқұмарлық деген сөз.
Аллаһу та’ала бұйырғандықтан еңбектеніп, ақша табу және тапқанын Оның бұйырған жерлеріне жұмсау ғибадат болып есептеледі. Мұсылман дінін зияннан қорғау үшін маңдай терімен табыс табуы керек. Адам тапқанына қанағат етуі тиіс. Аллаһу та’аланың берген ниғметіне риза болуы қажет. Мұсылманның жақсы ниетпен еңбек етуі ғибадат. Бірақ кәпірдің және әртүрлі харамдарды істей беретін адамның еңбек етуі ғибадат болмайды. “Намаздың не керегі бар, еңбек ету де ғибадат” деп айту мүлдем дұрыс емес. Бұлай айтқан адамның иманы кетеді. Намазын оқып, харамдардан қашатын адамның жақсы ниетпен еңбек етуі ғибадат. Халалдан қоректенгісі келгендер мына бес нәрсеге мән беруі керек:
1) Ризық соңында жүргенде Аллаһу та’аланың парыз еткен ғибадаттарын қалдырмау керек.
2) Табыс табу үшін ешкімді ренжітпеу керек.
3) Жұмыс істеу арқылы өзінің және жанұясының намысын қорғауға ниет ету керек.
4) Жұмыс істегенде өзін шамасынан тыс қинамау керек.
5) Жұмыс істеуді ризық үшін бір себеп деп білу керек. Бірақ ризықтың келуін жұмысынан емес, Аллаһу та’аладан деп білу керек.