Untitled Document

Мәлімет - Қазақстан 2050

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына жолдауында Қазақстан-2030 стратегиясы қабылданғаннан бері 15 жыл ішінде мемлекетіміз әлемдегі ең серпінді дамушы елдер бестігіне енгенін, ІЖӨ-нің көлемі жағынан біз әлемнің 50 ірі экономикасының қатарына кіретінімізді атай отырып: «Бүгінгі күні біздің әрқайсымыз «2030 Стратегиясы іске асты, заманауи Қазақстан орнықты» деп айта аламыз» деп мәлімдеді. Жолдауда экономикалық, өнеркәсіптік, өнімділік көрсеткіштері, сондай-ақ медицина, білім беру секілді жан-жақты салалардағы көптеген жетістіктеріміз аталды. Алдағы уақытта әлемде болатын өзгерістер, атап айтқанда технологиялардың қарқынды түрде ілгерілеуі, халық санының артуы және бұл арада алдымыздан шығатын әр бағыттағы келеңсіздіктер, мәселен азық-түлік, ауыз су проблемалары, мәселен осы жүзжылдықтың ортасында көптеген елдердің ауызсуды сырттан сатып алатын жағдайға келетіні, табиғи ресурстардың азаятыны секілді факторларды ескере отырып ұзақ мерзімді кезеңге бағдарланған одан әрі даму векторын күшейту заман талабы екенін айқындаған елбасымыз заманауи стратегияның басты мақсаттарын былай баян етті:

«Қазақстан ХХІ ғасырдың ортасына қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарында болуға тиіс.», «Біз кімбіз, қайда барамыз және 2050 жылға қарай қайда болғымыз келеді?» деген сұрақтарға жауап осы. Жас ұрпақтың нақ осыған мүдделі екеніне сенімдімін. Осыған орай, ұлттың 2050 жылға дейінгі жаңа саяси бағытының жобасын ұсынамын. Бұл менің Қазақстан халқына жолдауым болады.», «Біз бірінші дәрежедегі мынадай мақсаттарымызды назардан шығармастан, нысаналы әрі шабытты жұмыс істеуіміз керек:

• Мемлекеттілікті одан әрі дамыту және нығайту.
• Экономикалық саясаттың жаңа қағидаттарына көшу.
• Ұлттық экономиканың жетекші күші - кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсету.
• Жаңа әлеуметтік үлгіні қалыптастыру.
• Білім беру мен денсаулық сақтаудың қазіргі заманғы және тиімді жүйесін құру.
• Мемлекеттік аппараттың жауапкершілігін, тиімділігі мен функционалдығын арттыру.
• Халықаралық және қорғаныс саясатының жаңа сын-қатерлеріне парапар саясат құру.