Күннің тарихы - Шәкен Аймановтың 100 жылдығы
Қазақ кино өнерінің негізін салушылардың бірі, қазақтың әйгілі актері, режиссер Шәкен (Шаһкерім) Кенжетайұлы Айманов 1914 жылы 15 ақпанда Павлодар облысының Баянауыл ауданында туылып, сонда өсті. Орта мектеп бітірген соң (1928), Семейдегі педагогикалық техникумға оқуға түскен. Техникумда оқып жүргенде 1932 ж. Алматыдағы Қазақ драма театрына шақырылады. 1933 ж. Қазақ драма театрының құрамына алынады. Осы театр сахнасында жиырма жылдай еңбек етіп, актерлік шығармашылығын шыңдады. 1947 – 51 ж. қазіргі Қазақтың академиялық драма театрының бас режиссері болды. 1953 – 70 ж. «Қазақфильм» студиясының көркемдік жағын басқарып, қазақ кино өнерінің өркендеуіне үлкен үлес қосты. Оның қойған: «Махаббат туралы аңыз» (1953), «Алдар көсе» (1965), «Атамекен» (1966), «Найзатас баурайында» (1968), «Біздің сүйікті дәрігер» (1958), «Тақиялы періште» (1969) сыңды бірқатар фильмдері ұлттық кино өнерінінің өшпес мұралары. Айманов Қазақстан Кинематографистер одағын ұйымдастыруға қатысып, одақ басқармасының 1-хатшысы (1958 – 70) қызметін атқарды. КСРО Мемлекеттік сыйлығының (1952) және Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығының (1968) лауреаты.1970 ж. 24 желтоқсанда Мәскеу қаласында жол апатынан қайғылы қазаға ұшырады. Алматы қаласында жерленді. Алматы қаласының көшесі (1972) және «Қазақфильм» студиясы (1984) Айманов есімімен аталады. Ол тұрған үй мен киностудия ғимаратына мемориалдық тақта орнатылған.
Зекертік жұмбағы - Айдостың есебі
Айдос 5 дүкенге кіріп, қалтасындағы бүкіл ақшасын жұмсайды. Әр дүкенде, сол дүкенге кірер кездегі ақшасының жартысынан 1 теңге артығын жұмсайды. айдостың үйінен шығар кезде қалтасында қанша теңге бар еді?
(Жауабы ертең)