Untitled Document

Ғибрат - Кисраның тәжі

Сүйікті пайғамбарымызға алғаш рет: «Оқы, Аллаһтың атымен оқы» деген аят келеді. Сол күннен бастап еш тайсалмастан, қамықпастан адамдарға исламды түсіндіреді. Өкінішке орай, құрайыштықтар мойынсұнбай, едәуір қарсылық көрсетеді. Мұсылмандар қатты қиыншылық көреді, азап шегеді. Соңында хижрет ету (көшу) әмірі келеді. Сүйікті пайғамбарымыз хазреті Әбу Бәкірді алып, мүшриктерден жасырынып жолға шығады. Мүшриктер оларды ұстаған адамға жүз түйе беретінін уәде етіп, артынан адамадарын жібереді. Сүрәқа есімді мүшрик керемет із кесуші еді, оларды табуда қиналмайды. Атымен арттарынан қуып, жақындап қалған кезде, аттың аяғы құмға кіріп құлайды. Пайғамбарымыз дұға еткен кезде, тұрып кетеді. Кейін арттарынан қайта қуған кезде аттың аяқтары тағы да құмға батып құлайды. Сүрака бұл ап-айқын муғжизаны көріп, шаһадат кәлимасын айтады. «Сіздер еш алаңдамай жүре беріңіздер, мен арттан келе жатқандарды қайтарып тұрамын!» дейді. Сүйікті пайғамбарымыз күлімдеп:

– Саған Кисраның тәжін бергенін қалайсың ба?
– Кисра бин Хүрмүз ба?
– Иә.
– Бұны кім қаламайды...

Қаншама жылдар кейін, Хазреті Омар радиаллаһу анһтың халифалығы заманында мұсылмандар Иранға жорыққа аттанады. Мәдинадан шыққан әскер қаншама шақырым жол жүріп, шаршап, әлсіреп қалады. Негізінде парсылар мықты халық болатын. Қару-жарақ, әскер жағынан мүлдем салыстыратын жағдайда еместі. Мұсылмандардың жеңіске тіпті 1 пайыз да мүмкіншіліктері жоқ еді. Са’д бин Әбу Уаққас Руби бин Әмір радиаллаһу анһты Рүстемге жібереді. Парсылардың атақты қолбасшысы сұрайды:

– Не керек сендерге?
– Мақсатымыз адамдарды Аллаһу та’аладан басқа нәрселерге табынудан құтқару. Сендерге үш ұсынысымыз бар. Егер кәлимаи шаһадат келтірсеңдер бір-бірімізбен бауыр боламыз, қайтып кетеміз.
– Біз мұсылман болмаймыз.
– Олай болса салық төлеңдер.
– Сендер бізден салық алатындай кімсіңдер?
– Онда соғысамыз!

Соғыс болады. Кисра өз әскерін ынталандыру үшін соғыс алаңына шыққанда бір сахаба оны өлтіреді. Иран әскері жан-жаққа тарап кетеді. Иранның байлықтары Мәдина қаласына әкелінеді. Хазреті Омар Кисраның тәжін көргенде, сүйікті пайғамбарымыздың айтқан сөзі есіне түседі.
– Сүрәқа қайда?
– Мұндамын ей әмирәл мүминин.
– Расулуллаһ осы тәжді саған уәде еткен бе еді?
– Иә, уәде еткен еді.
– Кел онда, аманатыңды ал!

Сүрәқаның аузынан мына сөздер төгіледі: «Садақа Расулуллаһ» (Расулуллаһтың айтқаны хақ...)