Мәлімет - Экспо 2017 Астана (2)
«Көрме өткеннен кейін құрылыстарды, соның ішінде тұрғын үйлерді, қызмет кеңселерін, сауда ғимараттарын, ғылыми зертханаларды пайдалануды қамтамасыз ету қажет», «Аталған мақсаттағы жетістіктер бірқатар салалар бойынша нақты өзгерістерге түсіп, жаңа индустрияны қалыптастырады және сапалы жұмыс орындары құрылады. Осының бәрі еліміздің одан әрі дамуына елеулі ықпалын тигізеді», «Көрмені өткізу басты нәрсе емес, ақыр аяғында оның ел мен халыққа қандай пайда әкелетінін анықтау маңызды» – деді Мемлекет басшысы.
ЕХРО көрмесі адамзат өркениетінің көптеген ғылыми және технологиялық жаңалықтарын дүние жүзіне ұсынылуымен ерекшеленеді. Мәселен, дүние жүзіндегі ең алғашқы автомобиль де, тұңғыш тігін машинасы да, бүгінгі таңда таңсық болудан қалған алғашқы байланыс телефоны осындай халықаралық көрмеден бастау алған екен.
Қазақстанның таңдаған тақырыбы бүгінгі күні адамзатты айрықша алаңдатып отырған «Болашақ энергиясына» арналады. Аталған тақырып қазіргі кезде адамзат үшін өзекті мәселеге айналып бара жатқан энергия сақтау проблемасын және альтернативті энергия, яғни күн энергиясы, жел, теңіз, мұхит және термалды су энергия көздерін енгізу тәсілдерін ашып көрсетуге мүмкіндік берері сөзсіз.
Қазіргі жаһандық күн тәртібінде энергетикалық қауіпсіздік мәселесі, оның ішінде қуатты үнемдеу мен баламалы жаңартылатын қуат көздерін дамыту мәселесі өте өткір қойылуда. Мексика бұғазындағы мұнайға қатысты алапат апат та, «Фукусима» АЭС-інде орын алған қасірет те Жер Шарының экологиялық тепе-теңдігін сақтауда баламалы қуат көздерін табуды және дамытуды кезек күттірмейтін маңызды проблемалар деңгейіне шығарып отырғаны рас. Сондықтан да, Астана ұсынып отырған «Болашақ энергиясы» атты мәселе жаһандық экономика үшін де, әлемдік ғылым үшін де өткір басымдыққа ие болатын тақырып екені даусыз. Екінші жағынан, Қазақстан ЕХРО арқылы елімізде Халықаралық баламалы энергетика орталығын ашу мәселесін де ойластыратыны айтылған.