Мәлімет - Экспо 2017 Астана (1)
Экспо 2017 — 2017 жылдың 10 шілдесінен бастап 10 қыркүйегіне дейін Қазақстанның елордасы Астана қаласында Халықаралық көрмелер бюросымен (ХКБ) ұйымдастырылатын Халықаралық көрме. 2017 жылы елорданың 20 жылдық мерей тойына орай көрмеге қатысу үшін әлемнің 100 мемлекетінен 5 миллионға жуық адам келеді деп күтілуде. Экспо 2017 иесі 2012 жылдың 22 қарашасында Францияның астанасы Париж қаласында ХКБ-нің EXPO халықаралық бюросы Бас ассамблеясының 152-ші сессиясы барысында белгілі болды. Жасырын дауыс беру қорытындысы бойынша Астана үшін ХКБ-ның 103 мүше-мелмекеті дауыс беріп, ал Бельгиялық Льеж қаласы 44 дауыс жинады.
1997 жылдан бастап Қазақстан ХКБ-на мүше ел болып табылады. Мемлекетіміз EXPO Көрмелеріне 2005 жылдан бастап белсене қатыса бастады. Солардың ішінде Экспо Сарагоса Көрмесінің нәтижесінде, қатысушы "C" категориялы елдер ішінде, Қазақстан Республикасы жүлделі үшінші орынды алып, қола медальмен марапатталды.
Дүниежүзілік көрме EXPO - индустрияландырудың нышаны және техникалық, технологиялық табыстарды көрсету үшiн ашық алаң болып табылатын халықаралық көрме. Осы уақытқа дейін 64 көрме өткізілген 160 жылдан астам уақыт ішінде Лондондағы Хрусталь сарайы, Париждегі Эйфел мұнарасы сыңды сәулеттік ғимараттар, Чикагодағы “Ақ қала” сыңды қалашықтар халықаралық көрменің өзіндік мұраларына айналды. Бұл орайда елордамыз Астанада да көркем сәулет өнерімен ерекшеленетін, алаңы 100 гектардан кем емес «Жасыл орам» аумағында әкімшілік-іскерлік орталық, тұрғын үйлер ауданы, саябақтар мен мәдениет нысандарын орналастыру жоспарлануда. Осы тақырыптағы жобалармен танысып шыққан елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу Қазақстан үшін тарихи оқиғаға айналатынын атап өтті: «Әлемнің көптеген мемлекеттері арасынан біздің еліміз көрмені өткізу құқығын жеңіп алды. Кешен Астанадағы және бүкіл Қазақстандағы ауқымды нысандардың біріне айналады.»
(Жалғасы ертең)