Untitled Document

Есірткі

Есірткі дегенде ең жиі және кең қолданылатын анаша, марихуана, гашиш, апиын, морфин және (ауруды басатын, ұйықтататын, тыныштандыратын, т.б) кейбір дәрілер есімізге түседі. Дініміз адамды бір нәрсеге тәуелді ететін және адамның рухани, физикалық тепе-теңдігін бұзатын кез-келген есірткі түрін қолдануды харам еткен. Бұларды медициналық қажеттілігі бойынша (мысалы, операциялық наркоз үшін, қатерлі ісік ауруларында, т.б.) дәрігерлерге, дәріханашыларға және қатаң дәрігерлік бақылаумен белгіленген мөлшерде ғана қолдануға рұқсат етіледі. Аллаһу та’ала “Сад” сүресінің 26-аятында: «Алдамшы ләззатқа тәуелді болмаңдар! Өйткені ол сендерді Аллаһтың жолынан адастырады» және “Жасиә” сүресінің 23-аятында: «Хидаятты (туралықты) тастап, ләззатына табынарлықтай түрде зауқтарын өздеріне иләһ (құдай) етіп алған адамдарды көрдің бе?» деген.

Есірткінің дәмін татып, оның бір сәттік алдамшы ләззатына бой алдырып, соған тәуелді болып, нашақор атанған адамдар ақыл-ой, сана-сезім, ар-ождан, намыс-ұят секілді адами қасиеттерден арылып, өзі түскен шыңыраудан шығатын күш-қайрат таба алмайды. Есірткіге тәуелділік – адам үшін үлкен пәлекет. Бұның алдын алу үшін шұғыл түрде қажетті іс-шаралар қолданылуы қажет.

Адамдардың тура жолдан алыстап, өзінің жаратқанына және Оның пайғамбарларының әмірлеріне мойынсұнудан алыстаған бүгінгі заманда балалар мен жас өспірімдер үшін әлеуметтік қауіп төніп отыр. Асыл дінімізден бойына нәр алмаған жас өспірімдер мен жеткіншектердің есірткі дертінің тұзағына түсіп жатқаны ащы да болса шындық. Сондықтан жастарымызды, адамзат баласын осы пәлекеттен сақтау үшін жедел алдын алу іс-шараларын жүргізу өте маңызды іс.

Ол үшін есірткіге тәуелді жандарды ерте анықтап, тиімді емдеу және әлеуметтік оңалту жұмыстарын қарастыру керек. Алайда ең тиімді іс-шара жастарды иманға баулу және исламның құндылықтарын, көркем мінез-құлқын бойларына сіңіру болып табылады. Өйткені дініне берік адамдар харам нәрселерді жеуден, ішуден және оларды қолданудан әрдайым алшақ тұрады.