Untitled Document

Сұхбат - Имам Ағзам бұл үмметтің нұры

Әһли сүннеттің көшбасшысы, амалдағы төрт хақ мазһабтың бірі болған Ханафи мазһабының құрушысы болып табылады. Есімі Нуман, әкесінің аты Сабит. Әбу Ханифа және Имам Ағзам лақаб аттарымен танымал болған. Фиқһ ілімін және әһли сүннет ақидасын жинақтады. Жүздеген шәкірттеріне үйретіп, кітаптарға түсірілуіне себеп болды. Мутлақ мүжтаһид болып табылады. Хижри 80-150, милади 699-767 жылдары аралығында Куфа мен Бағдатта өмір сүрді. Бағдатта шәһид болды.

Имам Ағзам Әбу Ханифа хазреттері туралы мәшһүр және құнды фиқһ кітаптарында түрлі хадис шәрифтер бар. Ең құнды фиқһ кітаптарының бірі болған Дуррул-Мухтар кітабының алғысөзінде жазылған хадис шәрифте былай делінеді: «Адам алейһиссалам менімен мақтанғаны секілді мен де үмметімнен есімі Нуман, лақабы Әбу Ханифа болған адаммен мақтанамын. Ол – үмметімнің нұры.»

“Мәдуатүл-улум” және “Хайратүл-хисан” кітаптарындағы хадис шәрифтерде былай делінген:

«Әбу Ханифа есімді кісі келеді. Ол – қиямет күні үмметімнің нұры болады.»

«Әбу Ханифа деген кісі келеді, Аллаһтың дінін және менің сүннетімді жандандырады.»

«Әр ғасырда үмметімнен жоғарылаған адам болады. Әбу Ханифа – заманының ең үстемі.»

“Мирати каинат” кітабындағы хадис шәрифтерде былай делінген:

«Әбу Ханифа есімді бір кісі келеді. Ол – үмметімнің ең қайырлысы.»

«Үмметімнен біреуі дінді жандандырады. Бидғатты өлтіреді. Есімі – Нуман бин Сабит.»

Хазреті Әли де «Сендерге осы Куфа қаласынан шығатын Әбу Ханифа атты адам жайлы хабар берейін. Оның көңілі ілім және хикметпен толы болады. Ақыр заманда көп адам оның қадірін білмей құриды» деген.