Untitled Document

Дүкендердің тексерілуі

Бір күні Фатих Сұлтан Мехмед хан қарапайым киім киіп базарға шығады. Заттардың бағаларын тексеру үшін бір дүкенге кіріп:

- Жарты батман май берші!- дейді. Майды алған соң:
- Бал бар ма?- деп сұрайды. Сатушы:
- Бар, бірақ оны қарсымыздағы дүкеннен аласыз!
- Неге сен бермейсің?
- Үнемі менің пайда көруім дұрыс емес. Мен бүгінгі табысымды таптым. Басқа сатушылардың да бала-шағалары бар, олар да пайда көрсін.

Фатих Сұлтан Мехмед хан балды қарсы беттегі дүкенге кіріп алады. Тағы сонымен қоса тұз, сабын алмақшы болады, бірақ бұл сатушы да бірінші сатушы сияқты жауап береді. Фатих Сұлтан Мехмед осылайша үйіне қажетті заттарды алу үшін онбес дүкенге кіріп шығуға мәжбүр болады. Кейін осыған байланысты мына ұлағатты сөзін айтады: «Мұншалықты бірлігі мықты, бір-бірлерінің қамын ойлайтын халқым тұрғанда мен Стамбулды ғана емес, бүкіл әлемді аламын».

Кейін Стамбулдың алынуы үшін соңғы шешімін қабылдап, бүкіл дайындықтары жасалады.

Сұхбат - Ата-ана ақысы

Бір күні бір жас жігіт сүйікті пайғамбарымыздың жанына келіп ата-анасын шағымданғысы келеді. Пайғамбарымыз оған былай деді:

«Анаң сені тоғыз ай құрсағында көтерді, екі жыл емізді. Сені үлкейгенге дейін қойнында жетілдірді, қамқор болды. Әкең де сені өсіру үшін көптеген қиыншылықтарға төзді. Сенің қажеттіліктеріңді қамтамасыз етті. Саған дініңді, иманыңды үйретті. Сені ислам тәрбиесімен өсірді. Енді қалайша олар мейірімсіз болады? Бұдан асқан мейірім бола ма?»

Тағы бір хадис шәрифте былай делінеді:

«Ата-анаға жақсылық жасау, нәпіл намаз, ораза және қажылықтан да артық ізгілікті амал. Ата-анасына қызмет еткендердің өмірі ұзақ және берекелі болады. Ата-анасына қарсы шығып, оларға бағынбағандардың өмірлері берекесіз және қысқа болады. Ата-анасына қарсы шыққан адам лағнеттелген адам.»