Андалусия әмәуи мемлекеті
Андалусия әмәуи (омаяд) мемлекеті (756-1031) – Андалусияда (оңт. Испанияда) билік құрған әмәуи мемлекеті. Әмәуилер мемлекеті құлағаннан кейін Әд-Дахил (Мухажир) лақабымен танымал Абдуррахман бин Муавиа 755 ж әскерлерімен Андулусия жеріндегі Әл-Мунаққаб портына келіп тоқтайды. Андалус әміршісі Юсуф әл-Фихримен болған соғыста жеңіп 756 ж Кардоваға (Құртұба) барып, өзінің әмірлігін жариялайды. Бұл хабарды естіген әмәуи жақтастары бұл өлкеге келіп, қоныстанып оның күшті мемлекет құруына көмекші болады.
Әмәуилер Ислам дінін Испания арқылы Еуропаға енгізді. Фас (Марокко), Кардова және Гранада университетін құрып батысты ғылыммен нұрландырды. Христиан әлемінің оянып, бүгінгі дамуының негізін салуына себепші болды. Барлық мемлекеттерден адамдар білім алу үшін Кардоваға ағылып келіп жатты. Кардовада үлкен медицина факультеті құрылды. Бұл Еуропада алғаш құрылған медицина факультеті саналады. Еуропа королдері, мемлекет қызметкерлері емделу үшін Кардоваға келіп, жергілікті мұсылман халықтың мәдениеттілігін, көркем мінездігін, қонақжайлығын көріп таңданысын жасыра алмайтын. Андалусия астанасының алты жүз мың кітабы бар кітапханасы болды. Теңдесі болмаған, нәзік шеберлікпен салынған сарайлары, мешіттері, бақшалары көз тартатын. Андалусияда Мухиддини ибни Араби, Нуреддин Батружи, Әбу Абдуллах бин Мұхаммед Куртуби т.б. секілді ғалымдар жетілді.
Андалусияның соңғы дәуірінде халқы Исламның әмірлерінен алыстап, тіпті әһли сүннет сенімінен айрылғаны үшін Пирен тауларынан ары аса алмады. Тақ таластарымен ел ішіндегі бүліктер нәтижесінде 1031 ж ел бірнеше әмірліктерге бөлініп кетті. Христиан мемлекеттеріне бұл әмірліктерді жаулау қиынға соқпады. Бұлардың ішінен Бәни Ахмар мемлекеті ғана 1492 ж дейін өмір сүрді.