Untitled Document

Аллаһ достарының белгілері

Аллаһу та’аланың сүйікті құлдарының, достарының екі белгісі бар. Осы белгілерге қарап оның Аллаһу та’аланың сүйікті құлы немесе олай емес екенін аңғаруға болады.

Біріншісі, олар Аллаһ үшін өмір сүреді, Аллаһ үшін сөйлейді. Жасаған әрбір істері Аллаһ разылығы үшін. Олар Аллаһу та’аланың әмірлері мен тиымдары үшін бар.

Екіншісі, Аллаһу та’аланың сипаттарымен сипатталған. Мысалы, Аллаһу та’ала сипаттарының бірі – мейірім сипаты. Дінді-дінсіз, жанды-жансыз, өмірде не бар болса барлығында Хақ та’аланың мейірімі, рақымдылығы бар. Бұл әулиелер де Аллаһу та’аланың осы мейірім, рақымдылық сипаттарымен сипатталғаны үшін, ешбір жандыға зиян бермейді, кек алмайды, бірақ олардың қылыштары өте өткір. Қылыштарына өзі барып ұрынбау керек.
Мәулана Халид Бағдади хазреттерінің бір шәкірті бір қателік жасайды. Жүз мың түрлі кешірім сұрағанында Мәулана хазреттері былай дейді: «Менен кешірім сұрағаның жеткілікті ме? Мен ренжігенде, менің ұстазым, оның ұстазы, оның да ұстазы, яғни барлығы ренжіді, қайбірін тауып кешірім сұрайсың?»

Өте қауіпті. Қандай жұмыс істесек істейік, бірақ құрмет пен әдептен артта қалмайық. Өйткені, бұл сондай жол, тасаууфтың шыңына, ғылымның шыңына шықсақ та, үлкен ғұламаларға, әулиелерге қарсы құрметсіздік етсек, бәрі қолымыздан кетеді.

Әдеп, ғылымның басы болғаны сияқты, ортасы мен соңы да әдеп. Әдеп, жөнін, өз орнын біліп, шектен шықпау дегенді білдіреді. Отбасыда, қоғамда, бәрінің бір шегі, шектеуі бар. Барлық қиындық пен келіспеушіліктер шектен асудан туындайды. Әркім өз жөнін біліп, шектен шықпаса, мысалы, үйдегі әйел де, күйеу де өз шекарасын біліп, соған қарай әрекет етсе, ол үй жаннаттай болады. Жаннаттай болған үйден ахиретке көшкендер де, әлбетте жаннатқа барады. Барлық жағдайда дініміз не әмір етсе соны үйреніп, сол бойынша әрекет етілсе, жөнін біліп, шектен шықпаған болады. Сонда ұрыс та, келіспеушілік те, соғыс та болмайды. Өмір гүл бағына, бақ-беркеге айналады. Бәрінің шегін дініміз білдірген. Шектен аспау, ешкімнің шекарасына кірмеу керек. Нәтижеде алдымыздағы адам, ол да Аллаһтың құлы, ренжітпейік. Сүйікті пайғамбарымыз былай деген: «Махшар алаңында күн найза бойындай төмендеген кезде, жеті түрлі адам Арштың астында көлеңкелейді. Олардың бірі, мүминнің жүзіне сүйіспеншілікпен, махаббатпен қараған адам».