ХХХ Жазғы олимпиада ойындары
Қазақстан 27 шілде мен 12 тамыз аралығында өткен Лондон олимпиадасында жеті алтын, бір күміс, бес қола жүлде иеленіп, жалпы командалық есепте 12-ші орын алды. Олимпиада ойындарына әлемнің 204 елінен он мыңнан астам спортшы қатысты. Қазақстан 12-ші орын алып, Голландия, Украина, Куба, Иран, Чехия, Испания, Бразилия, Аргентина сияқты елдерді артқа тастады. ТМД елдері арасынан Қазақстан Ресейден кейінгі екінші орынды алды, Азия құрлығы бойынша Қытай, Оңтүстік Корея, Жапониядан кейінгі төртінші сатыдан көрінді.
Велоспортшы Александр Винокуров олимпиада ойындарындағы екінші жүлдесін иеленді. Осыдан он екі жыл бұрын Сидней олимпиадасында күміс медаль ие болған Винокуров Лондонда алтыннан алқа тағып чемпион атанды.
Олимпиада қарсаңында Қазақстан ауыр атлетика ұлттық құрамасының бас кеңесшісі Энвер Түркелери «үш алтын аламыз» деп уәде берген еді. Спортшылар жоспарлы межеден асып түсіп, төрт алтын алды. Зілтеміршілер Атланта мен Афинада бір күміс, Пекинде бір алтын, екі күміс, бір қола жүлде алған еді. Ал Лондонда төрт алтынды иеленді. Осыған дейінгі әлем чемпионаттарында тек алтын мен күміс жүлде иеленіп жүрген Зүлфия Чиншанло, Майя Манеза, Светлана Подобедова да Лондонда алтын алды. Ал Илья Ильин Қазақстаннан шыққан тұңғыш екі дүркін олимпиада чемпионы атанды. Жеңіл атлет Ольга Рыпакова ұзындыққа секіру секторында олимпиада үздігі атанды.
Лондонда 69 килограмм салмақ дәрежесінде Серік Сәпиев - алтын, 81 килограмм салмақта Әділбек Ниязымбетов - күміс, 91 килограмнан жоғары салмақта Иван Дычко қола медаль алды. Әйелдер боксынан Марина Вольнова қола жүлдеге ие болды.
Қазақстандық балуандар олимпиада ойындарында үш қола жүлде иеленді (еркін күрестен – Ақжүрек Таңатаров, грек-рим күресінен – Даниал Гаджиев, әйелдер күресінен – Гөзел Манюрова).