Сақтап қойған қырық алтының бар ғой
Әулиелердің ұлыларынан болған хазреті Бахауддин Бұхаридің «рахметуллаһи та’ала алейһ» заманында бір жас жігіт, осы әулиенің есімін естіп қызығады. Өйткені, ол жайында адамдар: «Аллаһтың сүйікті құлы, ұлы әулие кісі, көптеген кереметтері де бар» десетін.
Қатты қызыққаннан оны көргісі келеді. Сол күні ауылынан шығып, осы әулиенің алдына келеді де: «Мырзам! Есіміңізді көп естідім, сізге келуге көп кешіктім, үзірімді қабыл етіңіз» деп өтінеді.
Әулие қалжыңдап: «Біз оңайшылықпен үзірді қабыл етпейміз. Ол үшін бізге алтын беруің керек» дейді. Мұндай жауапты еш күтпеген жігіт таң қалады. Өйткені қалжыңдап айтқанын түсінбеген еді.
«Менің алтыным жоқ қой» дейді. Сонда әулие: «Үйіңде сақтап қойған қырық алтының бар ғой, соларды алып кел, үзіріңді қабыл етейін» дейді. Жас жігіт «Жарайды мырзам» дейді де, бірден ауылына қайтады. Бұрыннан егіншілікпен айналысу үшін жинап жүрген қырық алтыны бар еді. Соларды алып әкеліп тапсырады. Хазреті Бахауддин Бұхари алтындардың ішінен бір данасын алып, қалғандарын өзіне қайтарып береді. «Қалған алтындармен егіншілікпен айналысарсың» дейді.
Сосын әлгі бір алтынды көрсетіп, «Бұл алтын саған харам жолмен келген. Ал харамда ешқашан береке болмайды» дейді.
Ертеңіне адамдар бұл жігіттен: «Расында сен сол алтынды қайдан алған едің?» деп сұрағанда «Кезінде құмар ойынынан тапқан едім» деп жауап береді.
Кешегі жұмбақтың жауабы: Нәтиже үнемі 1 шығады.
Мас көрші
Имам Азам хазреттерінің бір көршісі бар еді. Үйлері тиіп тұратын. Әр күні түнде үйіне ішіп келіп, таңға дейін ән айтып, саз шалып, шулап имам Азам хазреттерінің мазасын қашыратын.
Имам Азам оған ештеңе деместен, сабыр ететін. Бір күні түнде әлгі жігіттің дауысын естімеген Әбу Ханифа (раһметуллаһи алейһ) таңырқап, таңертеңгісін көршісінің есігін қағады. Есікті ашқан көршісінің әйеліне:
- Күйеуіңіздің дауысы шықпағанынан алаңдап едік, әйтеуір ештеңе боп қалмады ма екен? - деп сұрайды. Әйел мұңайғанымен қоса ұялып:
- Оны түнде базардан мас күйде келе жатқан жерінен сақшылар түрмеге қамап қойыпты,- дейді.
Мұны естіген Имам Ағзам дереу әкімнің үйіне барады. Әкім оны көрісімен орнынан тұрып құрметпен сәлемдеседі, кейін:
- Уа имам! Келген себебіңізді айтасыз ба, бір қалауыңыз бар ма?- деп сұрайды. Имам Ағзам:
- Әкім мырза, біздің бір көршіміз бар еді, түнде мастығы үшін қамауға алынған екен. Соны бостуыңызды сұраймын,- дейді. Бұдан кейін әлгі жігітті босатып, Имам Ағзамға тапсырады. Жолда хазреті Әбу Ханифа:
- Ренжіме кеше бұл жағдайдан хабарымыз болмады және бала-шағаңа напақа бере алмадық, мына ақшаларды ал да олардың напақасын қамтамасыз ет!- дейді.
Көрші жігіт қатты өкініп, ұялғанынан қызарып кетті. Шын көңілмен тәубе етті. Өлгенге дейін Имам Ағзамнан айрылмады. Оның садық шәкірттерінен болып, көптеген ихсандарға қауышты.