Untitled Document

Хазреті Ақшамседдиннің кереметі

Стамбул жеңісінен кейін, бір күні түн ауа Фатих Сұлтан Мехмед хан Ақшамседдин хазреттеріне барады. Әңгімелесіп отырып хазреті Ақшамседдинге: «Ұстаз! Сахабалардың ұлыларынан болған және пайғамбарымызды 7 ай үйінде қонақ қылған Әбу Әйуб Ансаридің мүбәрәк қабірі Стамбул қорғандарына жақын бір жерде екенін тарих кітаптарынан оқыдым. Сол қабірінің қай жерде екенін тауып беруіңізді өтінемін»- дейді. Сонда хазреті Акшамседдин: «Анау қарсымыздағы қырдың етегінен бір нұр көріп тұрмын. Қабірі сол жерде болуы керек»- дейді. Дереу патшамен сол жерге барады. Ақшамседдин хазреттері сол жердегі шынар ағашынан екі бұтақ алып, біреуін бір жерге қадап, екіншісін сәл әрірек қадап: «Бұл екі бұтақтың арасы пайғамбарымызды қонақ қылған сахабаның қабірі»- дейді. Кейін барлығы кері қайтады.

Фатих Сұлтан Мехмед хан хазреті Ақшамседдинге сенсе де, еш күмәні қалмауы үшін сол түні қызметшісіне: «Бар, Ақшамседдин хазреттерінің тіккен шынар бұтақтарының ортасына мына мөрімді көміп, әлгі екі бұтақты жиырма қадам оңтүстікке жылжытып қойыңдар»- дейді. Ертеңіне Фатих Сұлтан, хазреті Ақшамседдиннен Әбу Әйуб Ансаридің қабірін тағы да анықтап беруін өтінеді. Ақшамседдин хазреттері қызметшінің тіккен ағашына қарамай, тура өзінің әуелгі жеріне барып: «Бұтақтардың орны ауыстырылған, хазреті Халид мына жерде»-дейді және қызметшіге қарап: «Сұлтанның мөрін шығарып өзіне беріңдер»- дейді. Хазреті Ақшамседдин қызметшінің жасырын түрде көмген патшаның жүзігін де сол жерде екенін кереметімен білген еді. Фатих Сұлтан, Ақшамседдин хазреттеріне: «Жүрегімде ешқандай күмән қалған жоқ. Бірақ сонда да толық сенуім үшін тағы бір керемет көрсетесіз бе?» дегенде, Ақшамседдин хазреттері: «Қабірдің бас жағынан бір метр қазылса, бетіне: «Бұл Халид бин Зәйидтің қабірі» деп жазылған тас шығады»- дейді. Қазылғанында хазреті Ақшамседдиннің айтқанындай шығады. Мұны көрген Фатих Сұлтанның денесі дірілдеп кетеді. Сәлден кейін: «Заманымызда хазреті Ақшамседдин сияқты ұлы адамның болуынан алған қуанышым, Стамбулдың алынғандағы қуанышымнан аз емес»- деп шүкір етеді. Фатих Сұлтан Мехмед хан Әбу Әйуб Әнсаридің қабірінің үстіне бір кесене салдырады.