Қиямет күні әлбетте келеді (2)
Мизан – дүниедегі таразыға ұқсамайды. Ауыр жағы жоғарыға көтеріледі. Жеңіл жағы төменге түседі делінді. Ғалымдардың бір тобы әртүрлі таразылар болады деген. Көпшілігі таразылардың қанша және қандай болатындығы дінде нақты білдірілмеді, деді.
Сырат көпірі бар. Сырат көпірі Аллаһу та’аланың әмірімен жаһаннамның үстіне құрылады. Барлық адамдардың осы көпірден өтуі әмір етіледі. Ол күні бүкіл пайғамбарлар: «Йа Раббым! Саламаттық бере-гөр!» деп жалбарынады.
Жаннаттық болғандар көпірден оңай өтіп, жаннатқа кіреді. Бұлардың кейбірі найзағайдай, кейбірі желдей, кейбірі шапқан аттай өтеді. Сырат көпірі қылдан жіңішке, қылыштан өткір. Дұрыс жолда бола алу өте қиын болғаны үшін, «Сырат көпірі қылдан жіңішке, қылыштан өткір» делінген. Дүниеде Ислам дініне мойынсұну да осындай. Ислам дініне толық бағынуға тырысу, сырат көпірінен өту сияқты. Бұл жерде нәпсімен күресу қиындығына төзгендер ол жерде сыратты оңай әрі тез өтеді. Ислам дініне мойынсұнбаған, нәпістеріне берілгендер сыраттан қиын өтеді. Осы себепті Аллаһу та’ала Ислам діні көрсеткен тура жолға «Сирати мүстақим» атын берген. Бұл теңеу де Ислам жолында жүрудің сырат көпірін өту сияқты екенін көрсетуде. Тозақтық болғандар сыраттан өте алмай жаһаннамға түседі.
Махшар күні сүйікті пайғамбарымызға тән болған Кәусар хауызы бар. Үлкендігі бір айлық жолдай. Суы сүттен ақ, иісі жұпардан да әдемі. Айналасындағы ыдыстар жұлдыздардан да көп. Бір рет ішкен адам жаһаннамда болса да ешқашан шөлдемейді.
Шапағат хақ. Тәубесіз өлген мүминдердің кіші немесе үлкен күнәларының кешірілуі үшін пайғамбарлар, әулиелер, салихтер, періштелер және Аллаһу та’ала рұқсат берген адамдар шапағат етеді және бұл шапағаттары қабыл етіледі. Хадис шәрифте: «Қиямет күні алдымен пайғамбарлар, одан кейін ғалымдар, одан кейін шәһидтер шапағат етеді» делінген. (Дәйләми, Ибн Мажә)