Сұхбат - Ілім, амал және ықылас
Имам Раббани хазреттері: «Ілім ықыласпен амал ету үшін қажет» деген. Ілімді тек миға толтыру жеткіліксіз. Ібіліс те ілімді еді. Тіпті періштелерге де ұстаздық етті, бірақ құтыла алмады. Құтылу үшін амал ету керек еді. Оны да жасады. Барлық жерге сәжде етті. Тіпті көкте сәжде етпеген жері қалмады. Бірақ, ықыласы болмады. Бұларды Аллаһ үшін жасамады. Өте тәкәппар болды. Тәкаппарлығының салдарынан Адам алейһиссаламға сәжде етпеді. Мәңгілікке қуылып, тозақтық болды. Аллаһу та’аладан қияметке дейін рұқсат сұрады, "Саған ғибадат еткен құлдарыңды тура жолдан тайдырамын" деді. Аллаһу та’ала: «Сен тек өзің сияқтыларды ғана жолдан тайдырасың, ал Менің халис (ықыласты) құлдарымды бұза алмайсың» деп рұқсат берді. Осылайша адамдар Аллаһу та’аланың жолында болғандар және шайтанның жолында болғандар болып екіге бөлінді.
Өлгеннен кейін бұлардың ақиқат екендігі анықталады, бірақ ол жақта өкінудің пайдасы болмайды. Ислам ғұламалары былай дейді:
Ахиретке аттанғандардың барлығы өкінеді. Жаннатқа кіргендер: “Әттең, бұдан да көп жақсылық жасағанымда, дінге бұдан да көбірек қызмет және ғибадат еткенімде, бұдан да үлкен дәрежелерге, Аллаһу та’аланың мына достарына ихсан еткен ниғметтеріне мен де қауышқанымда ғой” деп өкінеді. Ал жаһаннамдықтар: “Біз неге бұл жерге келдік? Әттең жаннаттағылар сияқты біз де иман келтіріп, ғибадат еткенімізде қазір олармен бірге болар едік” дейді.
Діннің негізі – ілім, амал және ықылас. Ең қиын нәрсе ықылас. Аллаһу та’ала: «Маған дұға етіңдер! Қабыл етемін» деген. Егер дұға ықыласпен, шын жүректен жасалмаса қабыл болмайды. Ықылас деген не? Бүкіл істерімізді, ғибадаттарымызды шын жүректен, таза ниетпен, рия араластырмай, дүниелік пайдаларды көздемей, тек Аллаһ разылығы үшін жасауымыз ықылас болады. Оның разылығының орнына басқа біреудің разылығын алуға тырысу ойымызға да кірмеу керек. Өйткені Одан басқа нәрселер тек қана Оның жаратуымен және әрбір сәтте бар күйінде ұстап тұруымен бар.