Untitled Document

Құсам бин Аббас

Құсам бин Аббас – Мұхаммед алейһиссаламның әкесінің ағасы, хазреті Аббастың 10 ұлының төртіншісі. Құрайш тайпасынан және Хашим ұлдарынан. Орталық Азияға, біздің ата-бабаларымызға ислам нұрын жеткізгендердің бірі. Анасы Үмм-үл Фадл Лубаба бинтил Харис. Лубаба, пайғамбарымыздың пәк әйелдерінен Мәймунә «радиаллаһу анһа» анамыздың әпкесі болады. Меккеде хазреті Хадишадан кейін алғашқы мұсылман болған әйелдің Лубаба екендігі айтылған.

Бір күні Лубаба анамыз түсінде Расулуллаһтың бір бөлшегін үйінде көреді. Түсін пайғамбарымызға айтып береді. Пайғамбарымыз: «Бұл жақсылықтың белгісі, Фатиманың бір ұлы болады. Өз ұлыңның сүтімен оны да емізесің!» деп айтады. Кейін хазреті Хасан радиаллаһу анһ туылады. Лубаба оны емізеді. Құсам хазреті Хасаннан кіші еді. Пайғамбарымыз қайтыс болған кезде Құсам 8 жастан үлкен еді. Пайғамбарымызға қатты ұқсайтын.

Жафар Таййардың ұлы Абдуллаһ былай дейді: «Мен, Убайдуллаһ бин Аббас және Құсам бин Аббас үшеуміз ойнап жатқан едік. Сол кезде Расулуллаһ бір жануарға мініп алған күйде алдымызға келді. «Анау баланы маған көтеріңдер!» деп мені алдына мінгізді. Құсамды да «Маған алып беріңдер!» деп оны арқасына мінгізді. Убайдуллаһ, әкесі Аббастың жанында Құсамнан да сүйікті еді. Сонда да Расулуллаһ әкесінің ағасынан тартынбай Құсамды мінгізіп, Убайдуллаһты қалдырды.

Адамдар хазреті Құсамнан сұрады: «Сіз тұрғанда не үшін хазреті Әли расулуллаһтың мұрагері болды?» Ол: «Әли бұрын мұсылман болған және расулуллаһтың жанынан еш айрылмаған.» деп жауап берді. Расулуллаһтың жанынан ең соңғы кеткен Құсам еді. Өйткені Құсам расулуллаһты қабірге қойғандардың арасында еді және қабірден ең соңғы шыққан Құсам болған еді.

Хазреті Әли халифа болған кезде Құсамды Меккенің әкімі етіп тағайындады. Құсам хазреті Муауианың халифалығы заманында хазреті Османның ұлы Саидпен бірге Самарқандқа барады және 672 жылы Құрбан айт күні сол жерде шәһид болады. Қабірі Самарқандта, адамдар зиярат жасап, берекеттенуде.