Мәуліт түні
Дүниедегі барлық адамдарға және жындарға пайғамбар ретінде жіберілген, пайғамбарлардың ең соңғысы және ең үстемі Мұхаммед «алейһиссалам» 571 жылы сәуірдің 20-на сай келетін рабиуләууәл айының 12-сі дүйсенбі күні түнде таңға жақын Меккеде дүниеге келді. Барлық пайғамбардың үмметі өз пайғамбарларының туылған күнін тойлайды. Бүгін де мұсылмандардың мерекесі. Қуаныш пен шаттық күні. Әлемдегі мұсылмандар тарапынан жыл сайын бұл түн «мәуліт түні» ретінде тойланады, барлық жерде мәуліт қасидалары, өлеңдері оқылып, расулуллаһ еске алынады. Мәуліт - туылған сәт дегенді білдіреді.
Пайғамбарымыз мәуліт түнінде сахабаларға тағам ұсынып, бала кезінде болған оқиғаларды айтатын. Хазреті Әбу Бәкір халифа болып тұрған кезде сахабаларды жинап, Расулуллаһ туылған кездегі ғажайып оқиғалар туралы айтатын. Бұл түні пайғамбарымыз туылған кездегі байқалған құбылыстарды, мұғжизаларды айту, тыңдау, үйрену өте сауапты іс болады. Пайғамбарымызды мадақтайтын түрлі мәуліт қасидалары бар. «Мәуліт оқу» - пайғамбардың дүниеге келуін, миғражы мен өмірі туралы айту, оны еске түсіру, оны мадақтау дегенді білдіреді. Мәуліт түні қадір түнінен кейінгі ең қадірлі түн. Бұл түні пайғамбарымыздың туылғанына қуанғандар кешіріледі.
Хадис шәрифтерде былай бұйырылған:
«Мені әке-шешесінен, баласынан және барлық адамнан артық жақсы көрмеген адам шынайы иман келтірген бола алмайды».
«Бір нәрсені қатты жақсы көрген адам, әрине оны көп есіне алады».
«Пайғамбарларды еске түсіру ғибадат болып саналады».