Абдулхамид ханның тақтан түсуі
Сұлтан ІІ Абдулхамид ханды тақтан түсіру үшін келген делегацияның алдында сұлтанның өзін салмақты және байсалды ұстағаны туралы, оқиғаның куәгері, қызы Айша айтады:
Бас секретарь Жауат Бек Ұлттық мәжілістен делегацияның келгенін хабарлады. Әкем, «Кірсін!» деді. Келген төрт адамдық делегация ішке кірді. Әкемнің алдына тізіліп тұрып, қысқашалап әрқайсысы сәлем берді. Әкем сәлемдерін қабыл етіп жауап берді. Келгендер: Арнаут (албан) Асат Топтани, Лаз Ариф Хикмет паша, армян Арам мырза және яһуди Карасо мырза еді.
Алдында тұрған Асат Топтани бірден сөзін бастап:
- Халық сені міндетіңнен босатты, - деді. Әкем мықты және жуан дауыспен жауап берді:
- Түсінгенім бойынша тақтан түсірді демекшісіңдер ғой. Ал, бұған көрсетілген себептері қандай?
Ариф Хикмет паша фәтуа көшірмесін оқи бастады:
«Имам-ул муслимин болған Зәйд, кейбір мәсаили мухиммә-и шәрийа-и Кутуби шәрийадан таии-у ихраж уә кутуби мәзкурә-и мән-у харк-у ихрак...»
Шариғи кітаптарын жыртып жағу сөздері өткенде әкем жоғары дауыспен «Мен қай кутуб-и шәрианы жақтым? Хасбиналлаһ айтайын.» деді де фәтуаны соңына дейін тыңдады.
- Бұны қай билік берді?
- Ұлттық Мәжіліс берді.
- А-а-а... Солай ма? 33 жыл ұлтым, халқым үшін және мемлекетімнің
қауіпсіздігі, амандығы үшін жұмыс істедім. Қолымнан келгенше қызмет еттім. Төрешім – Аллаһ және мені сұрауға салатын – Расулуллаһ. Бұл мемлекетті қалай қабыл алған болсам, солай тапсырып жатырмын. Ешкімге бір қарыс топырақ та бермедім. Қызметімді тек Аллаһу та'аланың қалауына қалдырамын. Амал нешік, дұшпандарым бүкіл қызметтеріме қара дақ түсіргісі келді және мақсаттарына жетті.