Untitled Document

Көңіліме тәкәппарлық келуінен қорқтым

Аллаһу та'аланың әулиелерінен болған бір кісі, Рамазан айында шәкірттерімен бірге бір қалаға бару үшін жолға шығады. Қалаға жақындаған кезде бір топ адамдардың оларды қарсы алу үшін жолдарды толтырғандарын көреді. Мүбәрак кісі, бірден дорбасынан қатқан нанды шығарып аузына салады. Бұны көрген көпшілік, «Біз бұл кісіні үлкен ғалым, әулие деп білетін едік, ал бұл болса Рамазан айында ораза тұтпапты, оның үстіне бәрінің көзінше нан жеп келе жатыр. Бұндай адаммен сөйлесуге бола ма?» деседі де, тарап кетеді.
Шәкірттері бұл істеген әрекетінің себебін, хикметін сұрағанда, «Соншалықты адамның біз үшін көшелерді толтырғандарын көргенімде көңіліме тәкәппарлық келуінен қорқтым, олардың көзінде төмен болып көрініп, нәпсімді түсіру үшін осылай істедім. Нанды шайнадым, бірақ жұтпадым. Көргендердің бәрі мені нанды жеп қойды деп ойлады. Көңіліме тәкаппарлық орналасып, Аллаһу та'аланың азабына себеп болсам, жағдайым не болар еді?» деді.

Хикмет...
Ұры
Бір кісі Сүлейман алейһиссаламға келіп, қаздарының ұрланғанын және оны көршілерінің біреуі істегенін айтып шағымданады. Сүлейман алейһиссалам дереу халықты мешітке жинап, былай дейді:
– Іштеріңнен біреуің көршілеріңнің қаздарын ұрладыңдар, әрі ұрлаған қаздарының қауырсыны басында бола тұра ұялмастан мешітке келіпсіңдер,- дегенде сол жерде болғандардың біреуі қолымен басын сипай бастайды. Оның бұл халін көрген Сүлейман алейһиссалам былай дейді:
– Ұстаңдар, міне, ұры осы!