Мәлімет - Асры сани (екіндінің екінші уақыты)
Намаз уақыттарының ішінде «асры сани» термини екінші намаздыгер деген мағынаны береді. Асры әууәл - бірінші намаздыгер деген сөз. Бесін намазының уақыты (Имам Әбу Юсуф пен имам Мұхаммедтің) және қалған үш мазһабтің үкімінше асры әууәлге дейін созылады. Яғни, барлық нәрсенің көлеңкесі бесін намазының бастапқы уақытындағы ұзындығынан өзінің бойына дейін, мысалы, 100 см талдың көлеңкесі бесін уақытының басында 10 см болса, бұл көлеңке 110 см болған кезде бесін уақыты бітеді.
Қазір кейбір мұсылман өлкелерде намаздыгер азаны осыған қарап оқылады. Сондықтан кейде біздің отандастардың «пәлен мемлекетте азандар шамалы ертерек оқылама?» деген орынды сұрақтарын есіту мүмкін. Имам Ағзамның «рахметуллаһи алейһ» үкімі бойынша бесіннің уақыты асры саниге дейін. Яғни барлық нәрсенің көлеңкесі өз бойынан екі есе ұзарғанға дейін созылады. (Орталық Азияда екінді намазын имам Ағзам ижтиһады болған уақытта оқу әдет болған.) Жоғарыда айтылған талдың көлеңкесі 210 см болған кезде намаздыгер уақыты кіреді. Қалған үш мазһабта бесін мен намздыгердің уақыты Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтегі сияқты. Яғни, бұл мазһабтарда асры сани уақыты жоқ.. Бұл күнтізбедегі екінді уақыттары екі имамның үкімі бойынша берілген.
Намаздыгер сияқты құптанда да екі уақыт бар. Ол ишаи әууәл және ишаи сани деп аталады. Иша - құптан дегенді білдіреді. Құптан намазының уақыты екі имамның айтуынша ишаи әууәлден, яғни батыста көрінген көкжиек сызығында қызарған нәрсе кеткеннен кейін басталады. Қазақстанда дәл осы үкім бойынша құптан азандарын батыста қызыл түс жоғалғанда оқу әдет болған. Қалған үш мазһабта да осындай. Имам Ағзамның ижтиһады бойынша ишаи саниден, яғни ағарған нәрсе кеткеннен кейін басталады. Қызылдың кеткен кезі күннің үстіңгі жиегінің көкжиектен 17 градусқа түскен кезі. 19 градусқа түскенде ағару да кетеді.
Қандай да бір себеппен бесін намазын екі имам көрсеткен уақыт - асры әууәлге дейін оқи алмаған адам намазын қаза етпей, Имам Ағзамның айтуы бойынша асры саниге дейін оқып алуы керек. Мұндай жағдайда сол күнгі екінді намазын Имам Ағзам көрсеткен уақыттан бұрын оқымауы керек.
Қысқасы, бесінді асры әууәлде оқыған адам намаздыгерді асры саниде және намазшамды ишаи әууелде оқыған адам құтпанды ишаи саниде оқуы керек. Имам Ағзамның да, екі имамның да үкіміне сәйкес болуы үшін намаздыгерді асры саниде, ал құптанды ишаи саниде оқыған дұрыс.