Мереке - Айтта ренжіскен адам қалмау керек
Араздасқан адамдардың араздары үш күннен көпке созылмауы керек. Егер айтқа дейін созылған араз жағдайлар болса, одан көп кешіктірмей татуласу керек. Хадис шәрифтерде былай делінеді:
«Бір-біріңмен ара-қатынасты үзбеңдер! Бір-біріңнен бет бұрып кетпеңдер! Бір-біріңмен өштеспеңдер, жауласпаңдар! Бір-біріңе көреалмаушылық етпеңдер! Ей Аллаһтың құлдары бір-біріңмен бауыр болыңдар! Бір мұсылманның басқа бауырымен араздасуының үш күннен асуы халал болмайды.» (Бұхари)
«Мұсылман бауырымен үш күннен артық араздасқан адам жаһаннамға түседі.» (Нәсаи)
«Бір-бірімен араздасқан екі адамнан қайсысы бірінші болып сәлем берсе күнәлары кешіріледі. Сәлем бергенде екінші адам сәлемін алмаса, бұл адамның сәлемін періштелер алады. Ал сәлемін алмаған адамға шайтан ілтипат көрсетеді.» (И. Әби Шәйбә)
«Бір мұсылманның дін бауырымен үш күннен көп араздасуы жаиз емес. Үш күн өткеннен кейін ол адаммен кездесіп қалса, оған сәлем беріп хал-жағдайын сұрау керек. Ол адам сәлемін алса, екеуі де сауапқа ортақ болады. Сәлемін алмаса, күнәға кіреді. Сәлем берген адам араз болу деген есептен құтылған болады.» (Әбу Дауд)
«Екі адам бір-біріне араз күйде өлсе, жаһаннамды көрместен жаннатқа кіре алмайды. Жаннатқа кірсе де бір-бірімен кездесе алмайды.» (Ибн Хиббан)
«Дін бауырымен бір жыл араз болған адам оны өлтіргендей күнәға кіреді.» (Байхақи)
«Амалдар дүйсенбі және бейсенбі күндері Хақ та’алаға ұсынылады. Хақ та’ала өзіне ширк қоспаған барлық адамдарды кешіреді. Бірақ бұл кешірімнен бір-біріне араз болған екі адам махрұм қалады. Хақ та’ала “ол екі адам татуласқанға дейін амалдарын маған әкелмеңдер” деп бұйырады.» (И. Малик)
Үш күнге жеткізбей татуласу өте жақсы болады. Үш күн өткенде күнә жазылуы басталады және татуласқанға дейін жалғасады. Күнә істеген адаммен сөйлеспей қойып, оған араздау күнә болмайды.