Оқиға - Алты айлық болдым
Алты айлық болғанымды маған әке-шешем айтты. Қазір оларды жақсы түсінемін. Белгілі бір уақытта ұйықтап, тамақ жеуімді қалайтындарын, мені шомылдырғанда маған ұнауын қалайтындарын, барлығын, барлығын түсінетін болдым. Бірақ олар мені барлық уақытта түсіне бермейді. Мына сөздерді қайталап айта береді:
«Асты құрғақ па?»
«Қарны ашты ма екен?»
«Шөлдеді ме екен?»
«Іші желденді ме екен?»
«Ұйқысы келді ме екен?»
«Бір жері ауырып жатыр ма екен?»
«Неге мазасызданып жатыр?»
Енді бір-бірімізді бұрынғыдан да жақсы түсінеміз. Берген тамақтары ұнамаса, аузымды тарс жауып, басымды басқа жаққа бұрып алуды үйрендім. Қасықты қағып жіберіп, тамағымды жан-жаққа шашып тастаймын. Бұлай жасамасам әр тамақ бергендерінде шектен асып құсып жатамын. Қарным тойса да, үсті-үстіне жегізгілері келеді.
Қаласам «Ана», қаласам «Әке» дей аламын. Бұл сөздеріме жауап ретінде олар мені қайта-қайта кеп сүйеді. Ал мен, өз-өзіме сықылықтап күліп қоямын.
Сүт ішетін бөтелкемнің немесе су шынысының қолымнан сырғып түскенін, біраз құлшынсам тәй-тәйлап жүре алатынымды білемін, бірақ кейде еркелеймін. Үлкендер айтқандарымның барлығын істеуге тырысады. Менің ең күшті қаруым – бақырып-шақырып, айналамда айқай-шу шығару. Жаялығымды бұтыма оратпау үшін, аяғыммен тепсініп, шешемді ашуландырамын. Таңертең сүтім немесе тамағым кешіксе айқайды басамын. Мен ұйықтамай тұрып бесігімнің тербетілуі тоқтаса, қайтадан айқайға басамын.
Ұйқым келмесе төсек-орнымдағы барлық затты жерге лақтырамын. Ыңырсып отырамын...