Untitled Document

Атамекен - Батыс Еуропа – Батыс Қытай магистралі

Елiмiздегi ең iрi серпiндi жобалардың бiрiне айналып отырған ел арасында "Жiбек жолы" атанған, өткен жылы бастау алған "Батыс Еуропа – Батыс Қытай" транзиттiк дәлiзі 2012 жылы пайдалануға берiлмек. Яғни алдымен бiр-бiрiне қауiпсiз қарама-қарсы бағытта қозғалуға мүмкiндiк беретiн, төрт қатарлы, әлемдiк стандартқа сай жол салынады. Ал, жол бойындағы сервистiк қызмет, сауда-саттық, демалыс орындары тәрiздi инфрақұрылымдық құрылыстар содан кейiн ғана қолға алынбақ.

Қытайдың Ляньюнган қаласынан басталатын бұл жол Шыңжандағы Үрiмшiнi басып өтiп, қазақ жерiне атақты Қорғас бекетi тұсынан қосылады. Одан кейін жол Алматы, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе тәрiздi елiмiздiң басты-басты қалалары арқылы Ресей шекарасына өтедi. Әрi қарай Орынбор, Қазан, Мәскеу қалаларын артқа тастап, Балтық жағалауындағы Санкт-Петербургке жетiп бiр-ақ тоқтайды. Бұл жолдың жалпы ұзындығы 8445 км болса, оның 2233 км Ресей жерiн, 2787 км Қазақстанды, 3425 км Қытай аумағын басып өтедi екен. Мамандардың айтуынша, көлік жолын қайта салған соң аса жоғары жылдамдықты қамтамасыз ете алатын мүмкіндіктердің арқасында жол қашықтығы 9 сағатқа дейін қысқаратын болады. Осының негізінде 5 халықаралық, 12 аймақтық көлік-логистикалық орталық ашу көзделуде.

Қазақстан Республикасы Құрылыс нормалары және ережелеріне сәйкес автобанда көліктер жылдамдығы сағатына 120 шақырымнан төмен болмайды. Бір белтемірге түсетін күш 13 тоннадан аспауы тиіс. Шымкент шекарасынан Қызылорда қаласына дейінгі аралықта төрт көлік сиятын бірінші категориялы жол салынады. Ал Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейін екі көлікті екінші категориялы жол жүргізілмек.

Күн Таразы шоқжұлдызында

Бүгін 22 қыркүйек. Күн Таразы шоқжұлдызына кіріп, күз маусымы басталды. Күз маусымы 90 күнге созылып, 21 желтоқсанда аяқталады. Күн бұл шоқжұлдызда 31 күн болады және 23 қазанда Сарышаян шоқжұлдызына кіреді.