Untitled Document

Мәлімет - Хан Шатыры

Астанада 5 шілде 2010 күні Елорда күніне орайластырылып «Хан Шатыры» сауда ойын-сауық кешенінің салтанатты ашылуы болып өтті. Орталықтың ашылу салтанатына Қазақстан, Армения, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Украина президенттері қатысты. Түн ауа Елорда күні мен президент Н. Назарбаевтың 70 жылдық мерейтойының құрметіне мерекелік отшашу болды.

«Хан Шатыры» - бұл қазіргі заманғы ең батыл және сәулеткерлік әрі инженерлік жетістіктерді жалғастырған бірегей кешен. Ғимарат шатырлы іспеттес түрдегі әлемдегі екінші ал Орталық Азиядағы ең үлкен жалғыз кешен. «Хан Шатыры» бірегей кешені жеті қабаттан тұрады. Оның биіктігі – 102 метр, жалпы аумағы – 127 мың шаршы метр. «Хан Шатырды» жобалау барысында қазақтың салт-дәстүрімен байланысты құндылықтар басты назарға алынған. Мәселен, қазақтың киіз үй жобасы – ғимараттың негізгі элементі. Сондықтан орталықтың құрылымы әлемнің бірде-бір мемлекетінде жоқ.

Сыртқы жабыны қыстың сырқыраған аязы мен жаздың аптап ыстығына шыдайтын материалдан жасалған, күн сәулесі еркін өтеді. Ғимарат ішінде тропикалық бақ, сарқырамалар, жасанды өзендер мен көлдер, құмды жағалау бар. Осыдан бөлек сауда нүктелері, балаларға арналған ойын алаңдары, мейрамханалар, фитнес орталықтары, кинозалдар яғни қалалықтардың демалуына қажеттінің бәрі табылады. Енді қыс мезгілінде ат басын елордаға тіреген туристерге «Хан Шатыр» таптырмайтын орталыққа айналады. Өйткені, кешен ішінде жыл он екі ай бойы жаз мезгілі болып тұрады. Демек, қыс мезгілінде орын алатын қатты аяздар қыдырушыларға зардабын тигізе алмайтын болады. «Хан Шатыр» – халықтың әлеуметтік қажеттілігіне орай дүниеге келген жоба. Яғни, көзделген мақсат – қаланың өсіп гүлденуі ғана емес, ондағы халықтың әлеуметтік өмірінің оңалуына да үлес қосу болып табылады.