Untitled Document

Мәлімет - Мағжан Жұмабаев

Мағжан Жұмабаев (1893-1938) – СҚО бүгінде өз есімімен аталатын ауылында дүниеге келген. Әуелі ауыл молдасынан оқып сауатын ашады. 1905-1910 ж Қызылжар қаласындағы медреседе оқиды. Медреседе арабша, парсыша, түрікше тіл біліп, сол тілдердегі әдебиетпен танысады. Өзі де әдебиетпен шұғылданады. 1910 ж Уфаға келіп, осындағы Ғалия медресесіне түсіп білімін молайтады. 1912 ж Қазан қаласында Мағжанның "Шолпан" деп аталатын тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді. 1913-1917 ж Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқиды.

1917 ж Ақмола облыстық халық ағарту бөліміне қызметке кіреді. Алаш партиясының жұмысына араласады. Ақмола губерниялық "Бостандық туы" газетінде жұмыс істейді. 1922 ж Ташкентке келіп, сондағы "Ақ жол" газетінің редакциясына кіреді. Осы жылы ақынның таңдамалы өлеңдер жинағы кітап болып шығады.

Мағжанның шығармалары Қазақ жастарын өнер-білімге, жоғары мәдениеттілікке шақырады. Ел ішіндегі әр түрлі келеңсіз мінез-құлықты, әрекетсіздік пен жалқаулықты, сауатсыздықты сынайды. Патшалық заманның қатыгездігінен, үстемдігінен бұғып, қорқып қалған халқын бостандық теңдік үшін күрестерге жігерлендіру үшін еліміздің тарихын, хандарының, батырларының ерліктерін тамаша да әсерлеп жырлайды.

1923-1926 ж Мәскеудегі әдебиет-көркемөнер институтында оқиды. 1927 ж елге оралып, оқытушылықпен айналысады. Бірақ көп ұзамай Мәскеуде оқып жүргенде "Алқа" ұйымын ұйымдастырғаны үшін тұтқындалып, он жылға сотталады. 1938 ж "халық жауы" деген жаламен ату жазасына кесілді. Жазықсыз жазаның құрбаны болғаннан кейін Мағжан шығармашылығын оқуға, жариялауға тыйым салынады. Тек еліміз тәуелсіздік алар тұстағы 1989 ж арнайы үкімет шешімі арқылы ғана ақынның есімі мен шығармашылық мұрасы толық ақталып кітаптары жарық көре бастады.