Асхана - Баклава (пахлава)
Керекті заттар: 1 стакан айран, жарты стакан сұйық май, 1 дана жұмыртқа, 1 қасық сірке суы, 1 қасық лимон суы, 1 шәйқасық ас содасы, жарты кило ұн, 300гр жаңғақтың майдаланған дәні, 400 гр крахмал, 400 гр сарымай.
Шәрбетке (пахлаваның бетіне құйылатын сироп) керекті заттар: 4 стакан су, 4 жарым стакан шекер, жарты лимон суы.
Жасалуы: Сарымай, жаңғақ дәні және крахмалдан басқа заттардың барлығы араластырылып қамыры дайындалады. Иленген қамырдың бетін матамен орап, жарты сағатқа бұқтырып қою керек. Содан соң, қамыр 6 бірдей бөлікке бөлініп, әр бөлік өз кезегінде 10 бөлікке домалақтанып бөлінеді. Әр бөлік кішкентай табақ бетіндей көлемде жайылады. Әрқайсысының бетіне жарты қасық крахмал жағылып, бір-бірінің үстіне қабатталып қойылады. 10 данасын біріктіріліп майланған табаға қойылады. Қалған бөліктері де дәл осылай 10 данадан осы табаға жиналады. Жаңғақ әркімнің өз қалауы бойынша ортасына немесе бірнеше қабатына қойылады. Барлық қабаттарды орналастырып болған соң баклава пішінінде кесіледі. Сарымай басқа ыдыста жақсылап қайнатылып, үстіне құйылады. Көпіріп жатса май қызды деген сөз. Қасықпен барлық жағына бірдей жағылады. Кейін қызған пеште 200 дәрежеге қойып қызарғанға дейін пісіріледі.
Шәрбеттің жасалуы: Шекер мен су ыдысқа салынып қайнатылады. Шәрбеттің қаншалықты қою екенін білу үшін, қасықпен араластырып, тырнаққа бір тамшы тамызып көру керек. Егер шәрбет жайылып ағып кетпесе қоюлығы жетерлік деген сөз. Ішіне лимонды сығып , қайнап тұрған жерінен 3 минуттан кейін алынады. Шәрбет суытылып, жылы баклаваның бетіне құйылады.