Untitled Document

Тарих - Қажылықта болған оқиға

Осман империясы уақытында, яғни XX ғ басында Меккеде қазіргі күндегідей қонақ үй қызметі болмаған. Мекке тұрғындары қажылықтан бірнеше күн бұрын қаланың сыртына шығып, қажылық мақсатында келе жатқан өзге ел мұсылмандарын күтіп алып үйлеріне қонақ ететін.

Осындай бір кезекті қажылық уақытында (шамамен 1903-1904 жж) әдеттегідей Мекке тұрғындары қажылыққа келетін мұсылмандарды қарсы алу үшін қала сыртына шығады. Меккенің бір тұрғыны ұзын бойлы, тартымды, сақалды, жақсы киінген бір адамға жақындап келіп, қажылық уақытында үйіне қонақ болуын өтініп сұрайды. Қажылыққа келген кісі оған келіседі.

Қажылыққа келген кісі қажылық уақыты бітіп, қайтатын уақытта үй иесіне бір қалта алтын сыйлайды. Үй иесі алғысы келмесе де көндіріп алтынды беріп: «Мына хатты мен кеткеннен кейін Мекке әміршісіне апарып беріңіз» деп өтініп, қолына бір хат ұстатып кетеді. Қажы кеткеннен кейін үй иесі «Аллаһ, Аллаһ... Мен кіммін, Мекке әміршісі кім... Бұл қонақ еткен адамым кім...» деп ойлана бастайды. Бұл ойына әйелі араласып: «Аманатты міндетті түрде апарып беру керек, әйтпесе күнә болады» деп күйеуін ескертеді. Нәтижесінде күйеуі мемлекеттік мекемелердің барлығынан өтіп, Мекке әміршісіне хатты апарып береді. Мекке әміршісі хатты ашуымен орнынан атып тұрып:

–  Бұл  хатты жазған адам қайда?- деп сұрайды.

–  Ол кісі қажылығын бітіріп еліне кетті- деп жауап қайтарады үй иесі.

–  Мына хаттың қалай басталғанын қара,- деп бірінші сөйлемін оқиды: «Мен хареми шәрифтің (қасиетті қағбаның) қызметшісі, Мұсылмандардың халифасы Сұлтан Абдулхамит Хан ІІ...»

Бұл сөздерді естіген үй иесі есінен танып, 2 күннен кейін есін жияды...

Осылайша Сұлтан Абдулхамид Хан мемлекетінің тұрақтылығын ойлап, бәлкім де қарапайым қажылық атқара алмайтынын ойлап, ешкімге хабар берместен қажылыққа барады және де пайғамбарымыздың “саллаллаһу алейһи уасаллам” қабірін зиярат ету мәртебесіне қауышады.