Күннің тарихы - Әмір Темір
Әмір Темір – түрік-Ислам әлемінің ұлы қолбасшысы, мемлекет қайраткері. 1336 ж. Кеш (Шахрисабз) қаласында туып, 1405 жылы Самарқан қаласында жерленген. Барлас тайпасының биі Тарағай бектің баласы. Ғалымдарды және Аллаһ жолындағы адамдарды жақсы көрген әкесі Тарағай Бек оны ұстаздарға беріп жаратылыстану, дін ілімдерін және әскери ілімдерін меңгертті. 1361 жылдан Қашқария уилаятының билеушісі болды. 1370 жылы Самарқандта таққа отырып Мауераннахрдың билігін қолына алды. Әмір Темірдің 35 жылдық билігінде үздіксіз соғыстарының нәтижесінде алып империя – Темір мемлекеті құрылды. Қытаймен Делиге дейінгі бүкіл Азияны, Ирак, Сирия және Измирге дейінгі Анадолыны басып алды. Оның жерінің жалпы аумағы 14 млн км2-ге жетті.
Әмір Темір өте діндар, білімді, білікті қолбасшы, тегеурінді саясаткер болған. Орталық азиядағы бірқатар сәулетті ғимараттардың пайда болуы, қалалардың өркендеуі, шөл даладағы жер суландыру құрылыстарының салынуы, қолөнермен сауданың дамуы Әмір Темірдің есімімен тығыз байланысты. Ол ғылымға және ғалымдарға лайықты құрмет көрсеткен. Тарихи деректер оның қол астындағы аймақтардағы түркі, парсы, арап мәдениетімен өнерінің өкілдері, ғалым ойшылдары Әмір Темір тарапынан үлкен қолдау тапқандығын растайды. Өте көп медреселермен кітапханалар аштырды. Әмір Темір қазақ жеріне мәңгілік өшпес ескерткіш – қасиетті Қожа Ахмет Иассауи кесенесін салып қалдырды.
Әмір Темір 1405 жылы Қытайға жорыққа шаққанда жолда Отырарда қайтыс болды. Сүйегі Самарқандағы Гөр Әмір кесенесіне жерленді. Әмір Темір әулетінен ұлы ғалым Ұлықбек (1394-1449), Үндістан Бабур империясын құрушы Бабыр (1483-1530) сынды атақты адамдар шықты. Әмір Темір өлгеннен кейін мирасқорларының билікке таласуынан Темір империясы ыдырап кетті.