жалғасы - Күннің уақыттары – ІІ
Дахуа-и кубра уақыты: Түстен бір сағат бұрынғы уақыт «дахуа-и кубра» уақыты деп аталады. Бұл уақыт бір ораза күнінің жартысы болып саналады.
Рамазан оразасына, нәпіл және уақыты белгілі болған өз қалауымен тұтылған оразаларға ниет етудің ең соңғы уақыты осы уақыт болып табылады.
Екінді (намаздыгер) уақыты:
Асры әууәл: Имам Әбу Юсуф және Имам Мұхаммедтің ижтиһады бойынша екінді намазының кірген уақыты «асри әууәл» деп аталады және әр заттың көленкесі өз бойына теңескенде басталады.
Асры сани: Имам Ағзамның ижтиһады бойынша екінді уақыты әр заттың көленкесі өз бойының екі есесіне теңескенде кіреді және бұл уақыт «асры сани» деп аталады.
Исфирар-и шамс уақыты: Күн көкжиекке 5 градус жақындағаннан бастап, батқанға дейінгі уақыт «исфирар-и шамс уақыты» деп аталады. Асыр (екінді) намазының уақыты түс уақыты бітуімен басталып күн батқанға дейін жалғасады. Исфирар-и шамс уақытында намаз оқу және екіндіні осы кезге дейін кешіктіру харамға жақын мәкрүх болып саналады. Бірақ, сол күнгі екінді намазы оқылмаған болса, осы уақытта болса да міндетті түрде оқу керек.
Иштибақ-и нужум уақыты: Күн батқаннан кейін көкжиек астына 10 градус түскен, яғни жұлдыздар көбейген уақыт «иштибақ-и нужум уақыты» деп аталады. Намазшамды осы уақыттан кейінге қалдыру мәкрүх болады
Құптан (Иша) уақыты:
Иша-и әууәл: Күннің батқаннан кейін көкжиек астына 17 градус түскен кезінде, яғни батыс көкжиектегі қызылдық жоғалған соң басталатын уақыт «иша-и әууәл уақыты» деп аталады.
Құптан намазының уақыты Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтің үкімінше осы уақытта басталады және имсак уақытына дейін жалғасады. Орталық Азияда құптан намаздарын дәл осы «Иша-и әууәл» уақытында оқу әдет болған.
Иша-и сани: Күн батқаннан кейін көкжиек астына 19 градус түскен соң, яғни батыс көкжиектегі қызылдықтан кейінгі ағарған жарық да жоғалғаннан кейінгі уақыт «иша-и сани уақыты» деп аталады.
Құптан намазының уақыты Имам Ағзамның үкімінше осы уақытта басталады және имсак уақытына дейін созылады. Күнтізбеде құптан уақыттары имам Ағзамның үкіміне сай, иша-и сани бойынша берілген.