Мәлімет - Алматы метросына мінетін күн алыс емес
Алматы қаласында салынып жатқан метрополитеннің құрылысы 1988 жылдан басталды. Кеңес Одағы ыдыраған кезден бастап метроның құрылысы біраз уақыттар бойы тоқтап қалды. Кейіннен Алматы қаласындағы көлік қозғалысы жүйесін реттеудің кезек күттірмес мәселе екендігі белгілі болғанындай тоқтап қалған метроның құрылысы қайта жалғасты.
Алматы метросын жылжымалы құраммен қамтамасыз етуді оңтүстікореялық "Hyundaі" корпорациясы қолға алып отыр.
Дизайны еліміздің көк байрағымен үндес жасалынған вагондар – отандық техникалық талаптарға ғана емес, әлемдегі заманауи метро пойыздарына қойылатын талаптарға сәйкес келеді. Мұнда жолаушылар үшін жайлылық, қауіпсіздік мәселелері түгел ескерілген. Жолаушылар вагондардан вагондарға емін-еркін өте алады. Ең бастысы, жылжымалы құрамдардың тежегіші ескі әдіспен емес, диск арқылы жұмыс істейді. Жоғары жылдамдықпен жүретін пойызды диск арқылы тежеу оның дөңгелектерін тез ескіртпейді әрі шуды азайтып, жөндеуге кететін шығындарды да айтарлықтай үнемдейді екен. Яғни, бұрын колодкалық тежегіштерге тән фрикциялық шаң жаңа пойыздарда жоқ. Бұл да экологиялық тұрғыдан өте тиімді екені айтылуда.
Сағатына 80 шақырымдық жылдамдықпен жүретін жылжымалы құрам бір мезетте 940 жолаушы тасымалдайды. Қауіпсіздік тұрғысынан алғанда вагондардан вагондарға өту оңай және пойыздар кондиционерлермен жабдықталған, арнаулы бейнебақылау жүйесі орнатылған.
Жиырма жылдан астам уақыттан бері тынымсыз қазылып-салынып келе жатқан метрополитен 2011 жылы, тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы қарсаңында қалалықтардың игілігіне берілуі тиіс.