Untitled Document

Тарих - Мәңгүрт

Мәңгүрт – өткенін ұмытып, ақыл-ойынан айырылып құлға айналған адам. Мұндай құлдыққа айналдыру былай болған: Мәңгүртке айналдыратын адамның шашын тақырлап алып, басына түйенің мойын терісін мықтап байлаған. (Түйенің мойын терісінің төменгі жағын алу себебі терінің ең қалың бөлігі сол жер болған.) Басы байланған адамды күннің астына тастаған. Түйенің терісі күннің ыстығынан құрғап кішірейе береді. Кішірейген тері күн өткен сайын басқа жабысып одан сайын қыса түседі. Әбден қураған тері бастағы шаштардың да өсуіне тосқауыл болады. Одан әрі шашы кері өсіп, миды тесіп, жаралап, жүйке жүйесіне зақым келтіреді. Өстіп ақыл есінен айрылған адам мәңгүрт болады. Егер бұл адам әлсіз болса өліп кетуі де мүмкін. Сондықтан мәңгүрттендіретін адамды күшті, қуатты адамдардан арасынан таңдаған. Осы амалдардан кейін сау қалғандары өткенін ұмытып, ессіз болғаны үшін иелерін (осы амалды қолданған адамдарды) оған тамақ бергені үшін дос деп біліп барлық айтқандарын істейтін болады. Осындай адамдарға мәңгүрт, мұндай амалға мәңгүрттендіру деп айтылады.

Дүние жүзілік әдебиетте жиі қолданылатын Мәңгүрт немесе Мәңгүртизм терминінің бабасы Шыңғыс Айтматов болған. Айтматов халқының бөтенсіп, жеке мәдениетін жоғалтып, саналы түрде құлға айналып бара жатқандығын еңбектерінде мәңгүртизм термині арқылы көкейге қонымды етіп ұғындыра білді. “Ақ кеме”, “ Ғасырға созылған күн” секілді романдарында осы мәселеге тереңінен ой берген.

“Ғасырға созылған күн” атты романында ес-түсінен айрылған мәңгүрт бала анасы Найман ананы өлтіргенде, негізінде өз келешегіне балта шапқан болды.