Untitled Document

Сұхбат - Үш насихат, үш мың дирхам

Бұрынғы өткен заманда жаңа үйленген жас жігіт ілім үйрену ниетімен ауылынан шығады. Ұзақ жол жүріп қалаға жетіп, медресе іздеп жүріп жұмысшы іздеп жүрген бір байға кезігеді. Бай жақсы төлейтінін айтқанда ниетін бұзып оның қолында жұмыс істей бастайды. 20 жыл оның жанында жұмыс істеп 3000 дирхам (күміс теңге) ақша жинайды. Кейін ауылына қайтуға шешім қабылдайды.

Жолда тоқтаған жерінде бір адам «Менде өте құнды насихат бар, оны алған адам дүниеде де ахыретте бақытты болады, бірақ бағасы мың дирхам» деп айғайлап тұрады. Адам «үйден ілім үйренемін деп шыққан едім, бірақ үйрене алмадым, ең болмағанда осы насихатты алайын, қалған 2000 дирхем маған жетер» деп ойлап мың дирхам беріп «Тағдырда не жазылған болса, сол орындалады. Тағдырда жоқ нәрсе басыңа келмейді» деген насихатын алады. Сөйтіп ары қарай жүре береді. Басқа бір тоқтаған жерінде бір адам:  «Менде беделі мың дирхамдық өте құнды насихат бар, оны алған адам дүниеде де ахыретте де бақытты болады» дейді. Бұл жолы да «мың дирхамға мұны да алайын қалған мың дирхам маған жетер» деп, мың дирхам беріп «көңіл кімді жақсы көрсе, сол әдемі» деген насихатты алады.

Жолда келе жатып тағы бір адамға кез болады. Бұл кісі де «менде құнды насихат бар, оны алған адам дүниеде де ахыретте де бақытқа қауышады, бірақ бағасы мың дирхам» дейді. Бұл жолы адам екі ойлы болып, өзімен арпалыса бастайды. Бір жағынан ілімге деген құштарлығы, ал екінші жағынан соңғы ақшасы қалған. Соңында ілім үйренуге әуестігі ауыр басып, тағы жұмыс істеп ақша табармын деп қалған мың дирхамын беріп, «Ұнамайтын бір жағдайға тап болғаныңда асығыс шешім қабылдама!» деген насихатын алады.

Сөйтіп ары қарай жолға шығады. Жолда бір топ адамға кезігеді. Жандарына барғанда «мына құдықтың ішінде бір жындымен бір қыз бар. Ауылдың суын жауып тастады. Ішке кірген адамды өлтіріп жатыр. Бізді бұл қиыншылықтан құтқарған адамға мына шөлмектегі алтындарды береміз» деп айтады. Сонда адамның есіне «тағдырда не болса, сол орындалады, тағдырда жоқ нәрсе орындалмайды» деген бірінші насихат түседі. Құдыққа түскенінде жынды «Саған бір сұрақ қоямын, тапсаң суды ашамын. Мына қыз әдемі ме әлде мына бақа ма?» деп сұрайды. Сонда екінші насихат есіне түсіп «көңіл кімді жақсы көрсе, сол әдемі» деп жауап береді. Жынды «бәрекелді! Қазірге дейін барлығы мына қыз әдемі деген еді, дұрысын ешкім таппаған еді, сен таптың» дейді. Жынды бақаны жақсы көргендіктен бұл жауап оған ұнап, суды ашады. Ал бұл адам бұрынғыдан да көп алтындарды алып ауылына қайтады.

Үйінің терезесінен қарағанында іште әйелінің жанында бір жас жігіт қалжыңдап ойнап жүргенін көреді. Дереу қолына пышағын алады. Сол сәтте есіне «асығыс шешім қабылдама» деген үшінші насихат түседі. Пышағын жасырып есікті қағады. Әйелі есікті ашқанында жанындағы балаға қарап «балам әкең келді» дейді.