Мәлімет - Имам Ағзам Әбу Ханифа (І)
Оның шын аты – Нұғман. Әкесінің аты Сабит, атасының аты да Нұғман. Әһли сүннеттің төрт ұлы имамының біріншісі. “Имам” – “үлкен ғалым” деген сөз. Мұхаммед алейһиссалмның жарқын дінінің үлкен тірегі. Иранның алдыңғы қатарлы адамдарының бірінің тегінен шыққан. Атасы Ислам дінін қабылдаған еді. әкесі Сабит Куфа қаласында хазірет Әлимен кездескенде Әли (радиаллаһу анһ) оған және әулетіне хайыр дұға жасаған болатын. Хижраның 80-жылы Куфа қаласында дүниеге келді. Сахабалардан (алейһимурридуан) Әнәс бин Малик, Абдуллаһ бин Әби Әуфа, Сәһл бин Са’д Саиди және Әбуттуфайл Амир бин Уасилә дәуірінде өмір сүрген. Фикһ ілімін Хаммад бин Әби Сүлейменнен үйренді. Табииннен бірнеше ұлы тұлғалармен және Имам Жафар Садықпен сұқбаттасқан. Көптеген хадис шәриф жаттаған. Мазһаб имамы болмағанда, үлкен хаким, яғни қазы болатын жағдайда жетілді. Өте ақылды, жұрттарды таң қалдырарлық зерек кісі болған. Фикһ саласында әлемде теңі жоқ өте жоғары дәрежеге жетіп, атағы әлемге тарады.
Омаядтардың соңғы, он төртінші халифасы болған Маруан бин Мұхаммед дәуірінде Ирак әкімі Язид бин Амр Имам Ағзамға Куфа қазылығын басқаруды ұсынады. Тақуалығы да біліміндей өте мол болғандықтан бұл ұсынысты қабылдамайды. Пендешілікпен құл ақысын бақылауда қателік жіберуден қорықты. Язидтің бұйрығымен басына жүз он дүре соғылады. Ертеңіне имамды шақырып, тағы да ұсыныс жасайды. «Кеңесейін» деп рұқсат алады. Меккеге барып, сол жерде 5-6 жыл тұрды.
767 жылы Аббаси халифасы Әбу Жафар Мансур бұйырған қазылық қызметті қабылдамағаны үшін зынданға тасталды. Күн сайын 10 дүре қосып, ұрып отырды. Дүре саны 100-ге жеткен күні шәйіт болды. Қайтыс боларында сәжде жасады. Жаназа намазына елу мыңдай адам қатысты. Жиырма күн бойы қаншама адамдар келіп, қабірінің жанында намаз оқыды. Селжүқ патшасы Сұлтан Алпарсланның баласы, үшінші Селжүқ сұлтаны Мәлік шахтың уәзірі Әбу Са’д Мұхаммед бин Мансур Харезми Әбу Ханифаның мазарына тамаша кесене салдырды. Кейіннен Осман патшалары бұл кесенені бірнеше рет жөндеуден өткізіп, безендірді.
(жалғасы ертең)