Мәлімет - Күннің уақыттары
Сәһәр (таң сәрі) уақыты: Күн батқаннан бастап, имсак уақытына (таң атқанға) дейінгі уақыттың соңғы алтыдан бірі «сәһәр уақыты» деп аталады. Бұл уақытта оқылған намаз «таһажжуд намазы» деп аталады. Сәһәр уақытында ғибадат жасап, кешірім сұрап, дұға ету керек. Бұл уақытта жасалған барлық дұғалар қабыл болады.
Имсак уақыты: Шығыста фажри садық деген ағарудың пайда болуымен басталған уақыт «имсак уақыты» деп аталады. Бұл уақытта оразаның кезінде ауыз бекітеді. Одан 15 минуттан кейін таң намазының уақыты кіреді.
Ишрақ (сәске) уақыты: Күннің көкжиек сызығынан 5 градус көтерілуінен басталатын уақыт «ишрақ уақыты» деп аталады. Бұл уақыт күн шыққаннан кейін шамамен 50-55 минуттан кейін кіреді. Бұл уақыт «дахуа-и суғра» деп те аталады. Күн шыға бастағаннан ишрақ уақытына дейін намаз оқу харамға жақын мәкрүх болып саналады.
Ишрақ уақыты басталғаннан кейін оқылған нәпіл намаз «ишрақ намазы» деп аталады. Ишрақ намазын оқудың пайдасы көп. Ораза айты мен құрбан айтының бірінші күндерінде екі рекат айт намазын оқу еркектерге уәжіп.
Духа уақыты: Ораза мерзімінің төрттен бірінен кейін басталатын уақыт. Бұл уақытта оқылған нәпіл намазы «Духа намазы» деп аталады. Бұл намаз ең аз дегенде 2 рекат оқылады. Бірақ, қаза намазы бар адам нәпіл намазын оқи алмайды.
Дахуа-и кубра уақыты: Түстен бір сағат бұрынғы уақыт «дахуа-и кубра» уақыты деп аталады. Бұл уақыт ораза мерзімінің жартысы болып саналады.
Рамазан, нәпіл және уақыты белгілі болған өз бетінше тұтқан оразаларға ниет етудің соңғы уақыты осы уақыт болып табылады.
Намаздыгер уақыты:
Асры әууәл: Имам Әбу Юсуф және Имам Мұхаммедтің ижтиһады бойынша намаздыгер уақытының кірген уақыты «асри әууәл» деп аталады және әр заттың көленкесі өз бойына теңескенде басталады.
Асры сани: Имам Ағзамның ижтиһады бойынша намаздыгер уақыты әр заттың көленкесі өз бойының екі есесіне теңескенде кіреді және бұл уақыт «асры сани» деп аталады.
Исфирари шамс уақыты: Күн көкжиекке 5 градус жақындағаннан бастап, батқанға дейінгі уақыт «исфирар-и шамс уақыты» деп аталады. Асыр намазының уақыты түс уақыты біткеннен кейін басталады және күн батқаннан кейін бітеді. Исфирар-и шамс уақытында намаз оқу және намаздыгерді осы кезге дейін кешіктіру харамға жақын мәкрүх болып саналады. Бірақ, сол күнгі намаздыгер намазы оқылмаған болса, осы уақытта міндетті түрде оқу керек.
Иштибақ-и нужум уақыты: Күн батқаннан кейін көкжиек астына 10 градус түскен, яғни жұлдыздар көбейген уақыт «иштибақ-и нужум уақыты» деп аталады. Намазшам намазын осы уақыттан кейінге қалдыру мәкрүх.
Құтпан (Иша) уақыты:
Иша-и әууәл: Күн батқаннан кейін көкжиек астына 17 градус түскеннен кейін, яғни батыстағы қызыл шапақ жоғалғаннан кейін басталатын уақыт «иша-и әууәл уақыты» деп аталады.
Құтпан намазының уақыты Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтің пікірінше осы уақытта басталады және имсак уақытына дейін жалғасады.
Иша-и сани: Күн батқаннан кейін көкжиек астына 19 градус түскеннен кейін, яғни батыстағы қызыл шапақтан кейінгі ағарған нәрсе кеткеннен кейінгі уақыт «иша-и сани уақыты» деп аталады.
Құтпан намазының уақыты Имам Ағзамның пікірінше осы уақытта басталады және имсак уақытына дейін созылады.