Untitled Document

Мақала - Заманауи жанұялар

Жас жігіттен анасы сұрайды:

- Балам қандай қызбен үйленесің?

- Бәрібір қандай қыз болса да, жұмыс істейтін қыз болса болды. Әйтпесе мен бір өзім қалай асыраймын үйді? Ол да жұмыс істейтін болса біреуіміздің айлығымыз электр тоғына, суға, үй арендасына т.б. жұмсалса, біреуіміздің айлығымыз тамағымызға, киім кешегімізге жетеді.

- Дұрыс айтасың балам. Сен жұмыс істеп ол үйде отырып жеп жата ма, ол да жұмыс істесін әрине.

Осы сияқты әңгімелерден кейін, осы қасиеттерге тән қыз табылып, той болып, бал айы деп жүргенде, үйде алғаш наразылықтар басталады:

- Маған обал емес пе? Сенің өміріміз ортақ болады, ауырды да жеңілді де бірге көреміз дегенің қайда? Маған көмектесем дегенің қайда? Жұмыстан келе салып ас үйге кіремін, ас әзірлеу, кір жуу, үй жинау... жалықтым бәрінен. Сен шаршайсың да мен шаршамаймын ба? Жанұялық өмірдің ең ауыр жүгі менің мойнымда. Мен де сен сияқты келе салып қолыма пультті алып теледидардың алдына қисая кетсем аш қаламыз аш!..

- Істейсің әрине, сен әйел бола тұра енді мен істейін бе тамақты?! Көп сөйлеме!

Бала болғасын бәрі орнын табар деген ой туады. Бірақ одан да қиын ахуалға тап болады.

- Балаға кім қарайды? Анамыз кәрі әрі сырқат. Ең дұрысы бір балабақша табайық, балабақшаға берейік баланы.

Сұрастырып бір балабақшаға береді. Ал анасы күні бойы баласын ойлауда болады. “Не істеді, не жеді, қызуы да бар еді, не болды екен?..” Осындай ойлар, уайымдар, кінәлілік сезімі іштен кеміріп жанып жатады. Ал негізі есептей келгенде оның алған айлығы балабақшамен өзінің жеке қажеттіліктерінен, макияждарынан артылмайды.

Таңертең ерте тұрып дайындалу, ұйықтап жатқан баланы ояту, күні бойы да “кешкі асқа не пісірсем екен, баламның халі қалай екен?” деген ойға шомылумен өтеді.

Жұмыс уақыты бітіп үйге келгенде де сол жағдай. Балаға көңіл бөлуге уақыт болмайды, үй істерін бітіріп енді қарайын дегенде түн ортасы болады. Сенің келіп өзіне қарауын күтіп отырып бір бұрышта ұйықтап қалған баланы құшақтап көтеріп төсегіне жатқызасың.

Міне осылай өткен күндермен балалардың өскені аңғарылмай қалады. Бұрынғы әдемілік те бұрынғы денсаулық та, мұндай мәселелерге төтеп беретін күш те қалмайды.