Мәлімет - Ақтөбе облысы
Ақтөбе облысы — Қазақстанның солтүстік-батыс өңірінде орналасқан. Терістігінде — Ресей Федерациясының Орынбор облысымен, оңтүстігінде — Өзбекстан Республикасының құрамындағы Қарақалпақстанмен, батысында — Атырау және Батыс Қазақстан, шығысында — Қостанай, оңтүстік-шығысында — Қызылорда облыстарымен шектесіп жатыр. Осындай үлкен аймақты алып жатқан облыс солтүстіктен оңтүстікке дейін 700 шақырым, шығыстан батысқа дейін 800 шақырым жерге созылған 300 мың шаршы аумақта орналасқан. Облыс 12 селолық, қалалық, және әкімшілік аудандарға бөлінген. Аумағында 6 қала, 2 кент бар. Әкімшілік орталығы — Ақтөбе қаласы.
Географиялық жағынан қолайлы орналасқан Ақтөбе облысында транспорт байланысы желісі жақсы дамыған. Орал және Маңқыстау, Орта Азия және Еуропаға қарай маңызды бағыттағы теміржолдар 1000-нан астам шақырымға созылып жатыр. Облыс территориясы арқылы Шымкент-Самара трансконтинентальді автокөлік магистралі өтеді. Ақтөбе халықаралық әуежайы Қазақстанның батыс өңірі бойынша әуе қозғалысын басқаруда қазіргі заманғы автоматтандырылған жүйемен жарақтандырылған.
Ақтөбе облысы теңдессіз минералды-шикізат базасын иеленіп жатыр. Оның территориясында Қазақстанның көмірсутекті шикізатының (мұнай, газ және газ конденсаты)10 % барланған қоры және болжамды ресурстарының 30 %, сондай-ақ республикадағы жалпы қордан отандық хромның барлық қоры никель-55 %, титан-40 %, фосфор-34 %, мырыш-4,7 %, мыс-3,6 % , алюминий-2 %, көмірдің-1,4 % жинақталған. Облыс әлемде хром рудасы қорының — 400 млн. тн. шамасымен бірінші орынды, Қазақстанда мыс рудасынан — 100 млн. тн.(құрамында таза мыс-1,5 млн.тн.) және өндірістік мұнай қоры — 900 млн.тоннасымен үшінші орынды, газ қоры бойынша Республика бойынша төртінші орынды иеленеді.