Тарих - ІІ Абдулхамид хан (2)
Қатты шаршағанында немесе жұмыстары жеңілдеген кездерде жеке бөлмеге келіп, сол кезде ғана жанұясынан кімдерді қаласа солармен көрісетін. Кейде біздерді де алдына шақыратын.
Әкем көбіне кешкісін астан кейін бақшаға шығып Пашалармен, Мырзалармен серуендейтін, кейде жеке бөлмесіне өтетін. Кейде шеберханасында немесе кітапханасында жұмыс істейтін.
Ісі көп болған кездерде түн ортасына дейін орта бөлмеде қалған күндері болды. Ісі болмаған кездерде түнгі намаздан кейін дереу жататын бөлмесіне өтетін. 20 жылдық салтанатында барлық түндерде анаммен тамақ жеп анаммен болған. Кешкісін жататын бөлмелеріне лимонат, қарақат немесе анар шербетін қойып кететін.
Әкем дұрыс және толық діни сенімді мұсылман болған. Бес уақыт намазын оқып, Құран кәрім оқитын. Жас кезінде үнемі мешіттерге барғанын, рамазан айларында Сулеймание мешітінде намаз оқығанын айтып беретін.
Әкем кейбір дін кітаптарын ерекше етіп бастырып бүкіл мұсылман мемлекеттеріне, мешіттерге сыйға берген. Сарайдың ерекше бақшасында 5 уақыт азан оқылатын.
Әкем уақытқа қатты байланған еді. Әрбір ісін бір уақытқа байлап, тәртіпті, жүйелі өмір сүрген деп айта аламын.
Әкемнің көбінесе жейтін тағамдары мыналар еді: Түскі асқа қайнатылған жұмыртқа, немесе сарымайда қуырылған жұмыртқа немесе омлет, қой етінің шұжығы немесе котлет, балық тағамдарын, кейде бәліш, тәттілерден баклава және сүттен жасалатын тәтті тағамдар. Кешкі астары үнемі жеңіл болатын: Ет қосылған кейбір сорпалар және жемістерден тұратын. Жемістер арасында құлпынай, қауын, қарбыз және шабдалыны таңдайтын.
Кофені қатты жақсы көретін. Тек Йемен кофесін алатын. Астан кейін және одан бөлек арада да 6-7 рет ішетін. Кофе ішкен кездерінде темекі де тартатын. Анаммен бірге ішкен кездерінде шынылары екі реттен босайтын. Ол кездерде жастардың кофе және темекі шегулері сарайда өте ұят саналатын...“