Мәлімет - Оңтүстік Қазақстан облысы
Оңтүстік Қазақстан облысы 1932 ж 10 наурызда құрылған, республиканың оңтүстігінде, Сырдария алабында орналасқан. Жер көлемі 117,3 мың км2, бұл Қазақстан аумағының 4.3% бөлігін құрайды. Терістігінде Қарағанды, батысында Қызылорда, шығысында Жамбыл облыстарымен, ал оңтүстігінде Өзбекстан Республикасымен шектеседі. Облыста 11 аудан, 8 қала, 13 кент және 932 ауылдық елді мекен бар. Облыс аумағы 171 ауылдық округтерге және 13 кенттік округтерге бөлінген. Орталығы - Шымкент қаласы.
Облыстың айтарлықтай өндірістік-экономикалық мүмкіндіктері бар. Олардың негізін орасан зор табиғи қорлар мен жеткілікті еңбек ресурстары кұрайды. Уран қоры жөнінен облыс Қазақстанда бірінші, фосфориттер мен темір рудасы бойынша - үшінші орын алады.
Облыс мақта, тері шикізаттары, өсімдік майы, жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін, жүзім, бау-бақша, макарон, темекі, сыра және басқа да алкогольсіз сусындарды басқа жерлерге жеткізіп отырады. Сонымен бірге, облыста қорғасын, цемент, мұнай өнімдері, күкірт қышқылы, шифер, автотрактор шиналары, экскаваторлар, трансформаторлар, майлы ажыратқыштар, шұлық-ұйық, тігін бұйымдары, жиһаз шығарылады.
Ерте кездердің өзінде Оңтүстік өңірі, оның Отырары мен Түркістаны, Сайрамы мен Шымкенті, тағы басқа қалалары, Қаратауы мен Алатауы, Мырзашөлі мен Қызылқұмы, Созағы мен Қазығұрты, Сырдариясы мен Арысы сияқты таулары, өзен, сулары, жазиралы далалары, берекелі құмдары баршаға мәшһүр болған. Тіпті әріге кететін болсақ, Қаратаудың күнгей және теріскей беттері адамзаттың бұдан миллион жыл бұрын мекен еткен жерлері екендігі ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Оңтүстік өлкесі - небір қасиетті, әулие ата-бабаларымыздың кесене-күмбездері, тарихи-мәдени ескерткіштері неғұрлым көбірек сақталған аймақ. Олардың әрқайсысы өз кезеңдерінен өзгеше шежіре шертеді.