Күннің тарихы - Ибни Баттута
Ибни Баттута (1303-1368) – мәшһүр саяхатшы және фикһ ілімінің ғалымы. Есімі Мұхаммед бин Абдуллаһ бин Мұхаммед бин Ибрахим әт-Танжи, күниесі (лақабы) Әбу Абдуллаһ. Солтүстік-батыс Африкада (Марокко) Танжа қаласында туылып сонда қайтыс болған.
Ибни Баттута жастайынан ілім үйренуге ынталы болды. Малики мазһабының фикһ ілімінде ғалым болды. 1325 ж 14 маусымда қажылыққа барады. Жолдағы өлкелердегі мешіттерді, медреселерді және кесенелерді зиярат етіп, халыққа уағыз насихат айтады. Барған жерлерінің зиялыларыларымен кездесіп көп ілтипат көреді. Бұл сапары оның басқа да Ислам өлкелерін аралауға деген ықыласын арттырады. Осы мақсаттағы оның саяхаты 29 жылға созылды.
Мысыр, Сирия, Анадолу, Иран, Ирак, Хижаз, Түркістан, Орта Азия, Қытай, Үндістан, Суматра, Қырым, Алтынорда жерлерін, Андалусия, Солтүстік және орталық Африка елдерін аралады. Мұсылман және мұсылмандыққа қатысы бар болған барлық елдерге барады. Олардың тарихы, географиясы, этникасы және мәдениеті турасында мағлұмат жинады. Барған елдерінің әміршілерімен, зиялыларымен, әртүрлі топтағы адамдармен кездесті. Олардың әдет-ғұрыптары, әлеуметтік жағдайы, тұтынатын тағамдары туралы, сол кездегі болған түсініспеушіліктер, соғыстар туралы мәліметтерді жазып жүрді. Саяхаттарының соңында отаны Танжаға оралып жазған деректерімен, көріп естіген маңызды оқиғаларды Фас әміршісі Сұлтан Әбу Инанның өтінішімен хатшысы Ибни Жузейге айтып берді. Ибни Жузей кейбір тарихи кемшіліктерін толықтырып 1355 ж кітап қылып жазып бітіреді. «Тухфат-ун-Нуззар фи Ғараиб-ил-Әмсал уә Ажаиб-ил-Әсфар» қысқашасы «Рихлә» немесе «Саяхатнама» деген атпен танымал бұл еңбек Сұлтан Әбу Инанға ұсынылады.
Бұл кітап сол замандағы Ислам әлемінің тұтастығы мен тарихы турасында құнды еңбектердің бірі саналады. Қазіргі күні бұл кітаптың Ибни Жузей тарапынан жазылған түп нұсқасы Париж ұлттық кітапханасында сақтаулы.