Ғалым айтады
Рукнеддин Чашти “Маражул бахрейн” атты кітабында Ахмет Зәрруқтан нақыл етіп, былай дейді:
Төрт мазһаб имамдарының бірі болған Имам Малик бин Әнәс “рахметуллаһи алейһ” айтты: «Фиқһты үйренбей, сопылықпен, тасаууфпен айналысқан адам діннен шығып “зиндық” болады. Фиқһты үйренген, сопылықтан, тасаууфтан хабары жоқ адам “бидғатшы” болады. Екеуіне де қол жеткізген адам ақиқатқа қауышады».
Фиқһты дұрыс үйреніп, тасаууфтың (сопылықтың) зауқын сезінген адам кемел адам болады. Тасаууф өкілдерінің бәрі кемелдік дәрежеге жетпес бұрын бір фиқһ ғалымының мазһабын ұстанды, сол мазһаб үкімдерін орындап тақуа болды. Мысалыға танымал әулиелерден Жүнайд Бағдади – Суфйан Сауридің мазһабында еді (бұл мазһаб кейіннен ұмыт болды). Адбулқадір Гейлани – Ханбали мазһабында, Әбу Бәкір Шибли - Малики мазһабында, Имам Раббани, Жәрири, Ахмет Йасауи - Ханафи мазһабында, Харис Мухасиби болса - Шафии мазһабында еді (қаддасаллаһу та’ала әсрараһум).
Оқиға - Байдың нәскиі
Өте бай кісі өлімінің жақындағанын сезгенінде баласын жанына шақыртып, ең маңызды өсиетін айтыпты: «Балам мені мазарға нәскиіммен көміңдер!» Баласы түсінбегенімен жарайды деп қабыл етеді. Әкесі қолына тағы бір хат береді. «Мен өлгеннен кейін бірінші қиналған кезіңде хатты ашып оқы!» дейді.
Күндер өтіп ажалы келген әкесі жан тапсырады. Ал бұл кезде баласын бір ой мазалап жүреді. «Мен енді әкемді нәскилерімен бірге қалай көмемін...» Қанша молдаға, имамға барса да бәрінен бірдей «Жоқ, дінімізде ондай нәрсе болмайды!» деген жауап алады. Бала шарасыз отырғанда есіне әкесінің «бірінші қиналған кезіңде ашып оқы» деп берген хаты түседі. Дереу хатты тауып оқиды. Хатта былай жазылған болады:
«Балам байқағаныңдай мен мұнша бай болсам да өзіммен бірге бір нәскиді де алып кете алмадым. Енді қалғанын өзің ойлан...»