Ғибратты оқиға... Қарт пен кедей
Бір күні жоқшылықтан жадап-жүдеп жүрген бір кедей көпті көрген дана қартты жолықтырып:
- Айтыңызшы, мен неге осындай кедей болып туылдым екен? – деп налиды.
Данышпан оған:
- Себебі, сен адамдарға жомарттық танытпайсың, өте сараңсың, - деп жауап береді.
Бұл жауапқа таң қалған кедей:
- Қолымда беретін ештеңем жоқ, тапқаным өзімнен артылмаса , қалай жомарттық танытамын? – дейді.
Сонда қария:
- Негізі сенің адамдарға жақсылық жасауға мүмкіндік беретін бес қабілетің бар.Сол мүмкіндіктеріңді оятып, жүзеге асырғаныңда бұлай демес едің, - дейді.
Таң қалған кедей оның қандай қабілет екенін сұайды. Сонда данышпан:
Біріншіден, өзгелерге жымиып қара, күлімдеп жүр. Аллаһу та’ала нәсіп етсе, осы арқылы да садақа жасап, сауапқа кенелуіңе мүмкіндік бар;
Екіншіден, айналаңа мейірленіп қара. Олар сенің көзіңнен тек жанашырлық пен жақсылық көретін болсын;
Үшіншіден, сен мылқау емессің, сөйлей аласың. Ендеше адамдардан жақсы сөзіңді аяма;
Төртіншіден, жүрегің тоқтаусыз соғып тұр. Ендеше, бар ықыласыңмен жан-тәніңмен беріліп тұрып басқаларға жақсылық тіле. Олардың өмірінің берекелі, тұрмыстарының шырайлы болуы үшін дұға ет;
Бесіншіден, аяқ-қолың сау. Ендеше денсаулығыңды пайдаланып, жұртқа пайдалы істерді атқар. Көмектес, - дейді.
Қарттың бұл әңгімесі кедейді қатты ойландырады.
Иә, адам баласын бай қылатын – дүние-мүлкі мен ақшасы емес, ақ пейілі мен таза көңілі.