Untitled Document

Сұхбат... Аллаһтың сүйікті құлдары

Ақидасы (сенімі) дұрыс, діннің әмірлері мен тыйымдарына мойынсұнатын, яғни харамдардан сақтанып, парыздарды, жақсылықтарды орындайтын барлық мұсылманды Аллаһу та’ала жақсы көреді. Төмендегі сипаттарға ие болған мұсылмандарды да осы мінездері себепті жақсы көреді. Хадис шәрифтерде былай делінеді:

«Аллаһу та’ала (күлімдеген) жылы жүзді адамды жақсы көреді». (Бәйһақи)

«Аллаһ мухсин. Мухсиндерді (жақсылық жасайтын) адамдарды жақсы көреді». (Табарани)

«Аллаһу та’ала – көркем. Көркем (әдемі істерді) жақсы көреді. Аллаһу та’ала – жомарт. Жомарттықты жақсы көреді. Аллаһу та’ала – таза. Тазалықты жақсы көреді». (И. Адий)

«Аллаһу та’ала жұмсақ мәміледе болғандарды жақсы көреді». (Мүслим)

«Аллаһ – бір. Тақ санға мән берген адамды жақсы көреді». (Ибн Наср)

«Аллаһу та’ала ісін кемшіліксіз жасайтын адамды жақсы көреді». (Бәйһақи)

«Аллаһу та’ала жәрдем сұрағанға жәрдем беруге асыққан адамды жақсы көреді». (И.Асакир)

«Аллаһу та’ала тәубе етуші жастарды жақсы көреді». (Әбушшәйх)

«Аллаһу та’ала жастық шағын Аллаһқа мойынсұнумен өткізген жастарды жақсы көреді». (Әбу Нуайм)

«Аллаһу та’ала кәсіп иесі және кәсібінде шебер болған мүминді жақсы көреді». (Табарани)

«Аллаһу та’ала ескі достығын жалғастырған адамды жақсы көреді». (Дәйләми)

«Аллаһу та’ала мазлұмға және қиыншылыққа тап болған адамға жәрдем беруге асыққан адамды жақсы көреді». (Бәйһақи)

«Аллаһу та’ала тайсалмай дұға ететін құлдарын жақсы көреді». (Бәйһақи)