Untitled Document

жалғасы... Адамға мысық шаппайды

Ел аузында Бақтияр балуанның жолбарысқа қылыш сілтеп қақ айырып тастағаны жайында айтылатын әңгіменің анық-қанығын білмекке құмартқан Қажекең осы оқиға жайында балуан ағасынан сұрайды. Сондағы Бақтияр балуанның айтқаны: Қаныттоғайда менің жас кезімде жолбарыс болған. Аң патшасының жымын білетін былайғы жұрт тоғай арасындағы жолмен өлсе де жүрмейді. Тек менің әкем ғана қорықпай жолбарыстың жымын кесіп өте беретін. Азамат жасына жеткен соң мен де сол жолмен жүріп көрмекке бекіндім. Жүрдім, маған жолбарыс шапты. Қылышымды суырып алдым да шауып тастадым. Содан үйге келіп әкеме айтым.

– Әке, мен жолбарысқа тап болдым.

– Балам, оны не істедің?

– Қақ бөліп шауып тастадым.

Әкем бір түрлі күңіреніп кетті. Сөйтті де: «Япырым-ай, бұл не сұмдық. Адамға мысық шаба ма екен? Мен өтіп жүргенде басын екі аяғының арасына қысып алып қыбыр етпей бажылдап жататын. Оның шапқанына қарағанда менің ұрпағым ұсақталып кеткен екен ғой. Аңның айбарын қайтаратын мысың жоқ екен сенің», - деп ренжіп жатып қалды.

Бердіхан Құсайынов