Untitled Document

Тарих... Ежелгі Римдегі салық

Ежелгі Римнің тар көшелері мен қуыстарында (көзден таса бөліктерінде) қыштан жасалған үлкен құмыралар болатын. Бұл ыдыстар жеңіл қажеттіліктерді кетіруге арналған қоғамдық әжетхана қызметін атқарған. Ыдыстар толғанда алынып орнына жаңалары қойылатын. Жиналған сұйықтық егіншілікте немесе өнеркәсіпте қолданылды. Мәшһүр білімгер Пириниустың мәлімдеуінше адам зәрімен тыңайтылған егіннің өнімі басқа егіндерден әлде қайда берекелі боладымыс. Бұл жиналған зәрдің бір бөлігі өнеркәсіпте, әсіресе тері илеу мен мата өңдеу саласында қолданылды. Қазіргі таңда аммиак мата өңдеуде қаншалықты маңызды рөлде болса, ол кезде де зәр мата өңдеу саласында соншалықты маңызды болатын. Тоқылған маталарды зәр толы ыдыстарға салып, аяқпен басып езетін. Осылайша аммиактың әсерімен маталар әрі тазаланып, әрі ағаратын. Көшелердегі амфор деп аталған бұл ыдыстарды жинау міндеті, тері және мата өңдеушілерге беріліп, бұл өз кезегінде оларға өндірістік жеңілдік, яғни кәсіптеріне қолдау ретінде саналды. Ал олар мұның өтемі ретінде үкіметке қосымша салық төлейтін. Император Веспасианустың қойған бұл салық түрі әуелде наразылықпен қабылданса да, кейіннен қалыпты жағдайға айналды. Тіпті осы Веспасианустың баласы Титус бір күні әкесіне осы салық түрінен шағымданған екен. Сонда әкесі бұл салықтан жиналған ақшаларды баласының мұрнына тақап, «Иіскеп көр, ақшаларда иісі бар ма?.. Қай жолмен келсе де, ақша бәрібір ақша» деген екен.