Untitled Document

Әңгіме... Әкең сенің жақсы адам еді (1)

Естір құлақ болса, елдің ішінде, есті әңгіме көп қой шіркін. Пенде байғұстың көже қарны тойғанмен, көңіл қарны тоймайды екен көп жағдайда. Көже қарынның азығы бір тостаған ауқат болса, көңіл қарынның қорегі ғибратқа толы жақсы әңгіме.

Бүгінгі досымыздың дастарханынан көңіл қарнымыз тойып, бір марқайып қайттық. Төбе бидей, төрде отырып, бата берген ағамыз әңгіменің тиегін ағытады екен, ауызымыз ашылып тыңдаумен болдық. Кеңес өкіметінің тұсы, мектепті жақсы бітіріп, арман қуып Алматыға оқуға түскен тұсым. Бұрын соңды ауылдан шықпаған қойшының баласымын. Алматыда арқа сүйеп баратын ағайын да, табан тіреп баратын туысқаным да жоқ. Соқыр тауыққа бәрі бидай демекші. Барымызда, нарымызда ауылдасымыз Нарымбет ағай. Ағай Алматының белді бір институтында сабақ береді, аға оқытушы. Студент байғұсқа қашан степендия жетіп еді. Ауылдан кейде посылка да кешігеді. Қарнымыз ашқанда жатаханада жанымызды қоярға жер таппай, қарыз сұрауға Нарымбет ағаның үйіне тартамыз. Келесі степендияға дейін он сом, он бес сом қарыз аламыз. Ешқашан жоқ деген емес, қолымды құр қайтармайды. Кедейдің бір тойғаны байығаны-демекші, ағайдың үйінен қанжығамыз майланып, бір тойып қайтамыз. Кейде жатаханаға іздеп келіп, жағдайымды сұрайды. Қолыма бес-он сом қыстырып кетеді. Алмаймын десем де қоймайды. Ағайыннан көрмеген жақсылықты, ауылдас ағамнан көрдім осылай.

Оқу бітіріп, үйленіп, жұмысқа тұрып, бір бөлмелі, үй алғанымда Нарымбет ағам жеңешеммен құтты болсын айтып келді. Үйге көрімдікке бақандай жүз сом берді. Ол кезде жүз сом бір адамның айлығы.

- Аға ренжімеңіз, алмақтыңда, салмағы бар бұл көрімдігіңізді алмаймын. Сіздің маған өткізіп қойғаныңыз көп. Мен Сізге өмір бақи қарыздармын. Мына берген қомақты қаржыңызды мен мойныма қарыз қылмайын, бұл ақшаның қарымтасын мен Сізге әзір қайтара алмаймын-дедім.

жалғасы ертең...