Untitled Document

Мақала... Ислам дінін қабылдаған алматылық

Алматылық журналист Сергей Алексеенок – православ дінінен исламға бет бұрған азамат. Жақында ол Түркістан қаласына барып, мұсылмандықты бір күнде қабылдаған. Өзінің сөзінше, 20 жылдан астам уақыт бойы исламға деген қызsғушылығы Аллаһтың жолына түсуіне себеп болған. 

“Алматы қаласында туып-өстім. Әкем Беларусь азаматы, анам алматылық. Бүгінде фото-журналист, жазушымын. Мені өсірген отбасым діни көзқарастарды айтарлықтай ұстанды деп айта алмаймын. Бала кездегі естеліктерім бойынша, апаларым діннен алшақ адамдар болған жоқ, дегенмен, шіркеуге бармайтын. Алайда мен дінге, құдайға жастайымнан жақын болдым”, – деп есіне алады кейіпкеріміз.

Сергей жасөспірім кезінен дінге бет бұрып, тіпті монах болуды, діни жолға түсуді де ойлапты.

“16 жасымда мен провослав шіркеуіне кетіп, монахтық өмірге дайындалып жүрдім. Содан соң бұл идеядан бас тартып, қалыпты өміріме қайта оралдым. Дін және философияға деген қызығушылық хобби ретінде жүрді. Жұмыста да менің негізгі бағыттарымның бірі – Қазақстан тарихы мен мәдениеті. Бір жарым жыл телевизияда осы бағытта арнайы бағдарлама да жүргізген болатынмын. Қазақстанда рухани әлем исламмен байланысты екені рас қой. Тәңіршілдік, ислам әлеміне ұзақ уақыт бойы қызығып жүрдім. Қазақстандағы маған ең жақын мекен Қожа Ахмет Яссауи кесенесі болатын. Cонда дұға жасаған ұнайтын, ол жер ерекше сезім сыйлайтын. Тіпті былтыр туған күнімді аяқ-асты сонда өткізгім келіп, кесенеге сапарлатқан жайым бар”, – дейді ол.

Түркістанға соңғы сапарлардың бірінде Сергей исламды қабылдайтынын нақты шешкен. 

Айтуынша достарының қолдауының арқасында мұсылман болған. Оған дін өкілдері Мұхаммед Әмин есімін берген.